Астанадағы емханалардың бірінде жасанды интеллект жұмыс істеп тұр. Ол асқазан-ішек жолындағы қатерлі ісікті ерте анықтауға сеп болмақ. Жасанды интеллект диагноз қоюда неге сүйенеді? Ол қалай жұмыс істейтін болады?
Енді эндоскопия жасауда жасанды интеллект көмекке келеді. Жаңа технология қазір Астанадағы емханалардың бірінде жұмыс істеп тұр. Асқазан-ішек жолдарының қатерлі ісігі онкологиялық аурулардың ең қауіпті түрлерінің бірі. Мұның басты себебі – кеш диагноз қою. Енді нейрожелі мұның алдын алмақ.
Сұлтан Хукеев, емхана басшысы:
- Жыл сайын дәрігерлерге жүктеме артып келеді, сондықтан еш көмек артық болмайды. Біз әзірлеушімен бірге жасанды интеллекті сынап көрейік деп шештік. Бүгінде 600-дей адам осы технология көмегімен тексерілді. Нәтижесіне көңіліміз толады.
Асқазан мен ішектің қатерлі ісігі ұзақ уақыт бойы білінбейді. Сол себепті диагноз әдетте аурудың соңғы кезеңінде бірақ қойылады. Мұндай жағдайда емдеу қиынырақ. Дәрігерлер бұл ретте жасанды интеллект жағдайды түбегейлі өзгерте алатынын жеткізді. Мамандардың айтуынша, алгоритм нақты уақыттағы кескінді талдайды және күдікті аймақтарды бөлектейді. Бұл әсіресе кішігірім полиптер мен қатерлі ісіктің бастапқы кезеңдерін іздеуде өте маңызды.
Ерболат Ермешев, эндоскопист дәрігері:
- Эндоскопиядағы жасанды интеллект біріншіден көмекші, екінші бақылаушы ретінде әрекет етеді. Бұл зерттеу сапасын жақсартуға, оның қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі. Бұған дейін дәрігер бәрін көзімен егжей-тегжейлі қарайтын. Күніне бізде 10-ға дейін колоноскопия жасалады, мұның бәрін мұқият тексеру үшін қырағылық керек. Бұл ретте жасанды интеллект көмекке келуде.
Бағдарламаны әзірлеумен IT-мамандар мен медицина қызметкерлері айналысты.
Досжан Бекжігітов, бизнес сарапшы:
- Біз жасанды интеллектті жүзеге асырдық. Ол дәрігерлерге тік ішек пен асқазан жолдарындағы қатерлі ісікті ерте анықтауға көмектеседі. Қазір сынақ кезеңі. Жоба сынақтан сәтті өтсе, республика бойынша іске қосамыз деп отырмыз.
Өкінішке қарай елімізде асқазан обырынан болатын өлім-жітім көрсеткіші жоғары. Мамандар технология тестілеуден толық өткеннен кейін Қазақстанның барлық емханаларына енгізуді жоспарлауда. Содан кейін статистикалық көрсеткіш айтарлықтай төмендейді деген үміт басым.
Құралай Жұмахан, Бауыржан Ебелеков