Марқакөлдің аудан мәртебесін алғанына жылдан асты. Алайда аудандық деңгейдегі аурухана жоқ. Тұрғындар ауылдық амбулаторияға қаралып жүр. Білікті маманнан көмек керек болса, 200 шақырым жердегі Күршімге барады. Медициналық құрал-жабдықтың бәрі Күршімдегі ауруханада тұр. Ауылдықтар екі ортаға қатынау қиын деп отыр. Әсіресе, жүкті әйелдер қиналып қалады.
Акушер-гинеколог Нұрзиға Жадыранова 45 жылдан бері медицина саласында еңбек етеді. Кезінде Марқакөлдің дербес аудан болған кезін, осыдан 27 жыл бұрын Күршімге қосылған тарихын да жақсы біледі. Президент Жарлығымен қайтадан аудан мәртебесін алғанына да куә болды. Дегенмен ауылдық амбулатория деңгейінде қалған аурухана жайы қатты алаңдатады. Айтуынша, бұл мамандарды тартуға, жабдықтарды жаңартуға қолбайлау. «Ал жүкті әйелдерге жедел көмек керек болғанда, 200 шақырым жердегі Күршімге апарып, уақыт жоғалтамыз»,– дейді.
Нұрзиға Жадыранова, акушер-гинеколог:
-Шұғыл толғақ басталып кетсе, біз скорыймен әйелді Күршім ауруханасына апарамыз. Гинеколог дәрігердің бәрі Күршімде бізде. Көрші ауданға жалтақтап немесе тікелей «Ана мен бала» орталығына екіқабат әйелдерді бір ай бұрын жібереміз. Осылайша екі аудан бөлінгенмен аурухана бөліне алмай жатыр. Салдарынан тұрғындар көрші аудандарға сабылуға мәжбүр. Себебі ауылдық амбулаторияда қажетті медициналық жабдықтар жоқ.
Айнұр Қиналбаева, ауыл тұрғыны:
-Мамандықтар иесі келсе екен дейміз өзіміз. Марқакөл аудандық ауруханасы аудандық статус алса екен деп армандаймыз. Оны жалғыз мен емес, бүкіл аудан тұрғындары армандап жүр деп ойлаймын.
«25 жылдан бері Күршімдегі аурухананың балансында болған ауылдық амбулаторияның «аудандық» мәртебе алуы қиын дейді»,– сала мамандары. Мекеме 18 пункт бойынша санитарлық эпидемиологиялық норма талаптарына сәйкес келмейді. Қазір сол ескертулер бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ең алдымен жеделсаты қойылды. Енді желдету жүйесін реттеу қалды.
Анар Бекбаева, Марқакөл ауылдық амбулаториясының меңгерушісі:
-Он сегіз пункт болды, ішкі вентиляция дегендей. Көп пунктер болды, солардың көбіне келдік те, тек қана вентилияцияға келгенде тұрып қалдық, соны келісіп, бір ай ішінде лицензия алып қоямыз.
Аудандық аурухана лицензиясы берілсе, бұрынғыдай перзентхана бөлімі ашылуы ықтимал. Ең бастысы, хируруг, гинеколог, тіс дәрігері, анестизиолог-реанимотолог сынды мамандар тартып, заманауи жабдықтар орнатуға мүмкіндік туады.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов