Тағы 1 млн адам тегін емделеді

  • 9
  • 07.10.2025, 19:36

Оның басым бөлігі ауылдық жерлерде. Мамандардың болжауынша, осы арқылы 1 млнға жуық тұрғын алғашқы медициналық-санитариялық көмекпен қамтылады. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Ал келер жылдан бастап сақтандыруы жоқ тағы бір млн азамат тегін ем алу мүмкіндігіне ие болады. 

МӘМС жүйесін жаңғырту. Бұл сұрақ соңғы жылдары жиі көтерілгендіктен, Үкімет оны ерекше бақылауға алған. Әр тоқсан сайын жауаптылардың есеп беруі дәстүрге айналды. Сонымен қор қызметінде не өзгерді? Басты жаңалық медициналық сақтандыру мемемесімен жұмыс істейтін емханаларды тексеру тәсілі автоматтандылыпты. Мамандар енді жалған тіркеу сияқты заңбұзушылықтар азаяды деген сенімде. 

Айдын Құлсейітов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы:

-Егер бұрын бұзушылықтардың жартысынан көбін сарапшылар қолмен жазып алса, енді негізгі бөлігін ақпараттық жүйе анықтайды. Алғаш рет автоматты режимде жалған тіркеу фактілері анықталуда. Жүйе іске қосылған сәттен бастап тіркеу саны 17 есеге азайды. Яғни енді бір адамды әртүрлі емхана өзіне жазып алу дерегі болмайды. Жүйе оны бірден анықтап береді. Бұрын ондай әрекеттерді білу қиын еді. 
 
Келесі жаңалық, жаңа жылдан бастап сақтандыруы жоқ тағы бір млн адам тегін емделушілер қатарына қосылады. Олар үшін қорға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінетін болды. Аталмыш тізімге өздігінен төлем жасауға мүмкіндігі жоқ, тұрмысы төмен азаматтар енеді. Денсаулық сақтау министрлігі осы шешім арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды көздеуде.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Біздің басты мақсатымыз – ашық, әділетті және ең бастысы барлық азаматтар үшін қолжетімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру. Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдірген азаматтарға да құлақ асу қажет. Кейбір жаңа ережелерді түсіну қиын. Сондықтан әрбір қазақстандық медициналық көмек алу тетіктері мен оны жетілдіру жұмыстарынан хабардар болуы керек. 

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Кадр құзіреттілігінің жеткіліксіздігі. Осыған байланысты 2500 емхана дәрігерлері оқытылуда. Екіншіден жиырма өңірде 4 мың төсек орны тапшы. Яғни бұл жерде қызметтер қолжетімсіз болып қалуда. Осыған байланыста 2025-2027 жылы жаңа төсек орындары ашылатын болады. Тиісті тарифтер көзделіп отыр. 

Бұған дейін қазақстандықтар үшін скринингтен өту жасы 76-ға дейін көтерілген болатын. Бұл қосымша 300 мың сақтандырылмаған адамды тексеруге мүмкіндік берді. Енді 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қан айналым жүйесінің ауруларын анықтау да сақтандырылмаған адамдарға тегін болады. Сондай-ақ қант диабеті, вирусты гепатит сияқты ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтен өтушілер саны ұлғайтылады.  

Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Менделбеков