Елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты – ДСМ

  • 11
  • 10.11.2025, 19:39

Ата-аналар балалардың дене қызуы түспей, сырқат белгілері бірнеше күнге жалғасты деп алаңдаушылық білдіріп жатыр. Бұл қаншалықты рас? Алаңдауға негіз бар ма? Елдегі эпидахуал қандай?

Үш баланың анасы Айнар Жақыпова 6 айлық ұлының бірнеше күн бойы 39 градусқа дейін қызуы түспегенін айтады. Әлеуметтік желідегі көптеген шағымды көріп, «жаңа вирус шыққан ба?», - деп алаңдаған. Айтуынша, медициналық мекемеде науқастар көп, жағдай күрделі болған.

Айнар Жақыпова, қала тұрғыны:

- Бір жеті бұрын баламның қатты қызуы көтеріліп ауырды. Қызуымыз 39-ға дейін көтерілді. Бізге «вирусный» деп айтты. Себебі өкпемізге снимок жасағанда пневмония болмады. Сондықтан біз антибиотикке жүгінген жоқпыз. Ковидтан кейін бала ауырған сайын қатты қорқатын болдық. 

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа вирус тіркелмегенін және алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Дегенмен қыркүйектен бері елде жедел респираторлық-вирустық инфекцияның 1 миллион 100 мыңнан аса жағдайы тіркелген. Оның 70 пайызы — балалар.

Жұмабек Бекенов, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Инфекциялық және паразитарлық аурулардың алдын алу бөлімінің бас маманы:

- Егер қызуыңыз қатты көтерілмей жатса, оны үй жағдайында оқшаулап, сұйықтықтарды көбірек пайдаланып, өз бетімен жазылуы әбден мүмкін. Егер 5 күн бойы температура түспей жатса, бас айналулар болса,бұлшық еттерінің ауруы, тамақтың қатты ауруы сияқты болып жатса, міндетті түрде дәрігерге қаралған дұрыс. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен қауіп төндіретін топтар үшін 2 миллонның үстінде вакцина сатып алдық. 

Одан бөлек, биыл тұмау инфекциясы өткен жылмен салыстырғанда ерте таралып отыр. Сондай-ақ коронавирус инфекциясының да 947 жағдайы анықталған, оның бесеуі — өткен аптада. Осыған байланысты елорда тұрғындарының пікірін білдік.

Блиц-сауалнама:

- Соңғы үш күн бойы қызуым көтеріліп, тамағым ауырып жүр.

- Үйдегі інілерім мен сіңлілерім де ауырып жатыр. Әрдайым олардың ауыратын ұзақтығы 2-3 күн болатын. Қазір олар 1-2 апта ауырып жатыр. Біздің отбасымызда бірнеше адам ауырып қалды. Жақында ғана жазылып шықтық. 

Мамандар жедел респираторлық-вирустық инфекцияға және коронавирусқа байланысты сақтық шараларын сақтауға шақырады. «Бөлмені жиі желдетіп, антисептик қолдану және адам көп жиналатын жерде бетперде тағу керек», - дейді.

Диана Қадыр, Самат Оспанов