Ал елде сусамырға шалдыққандар саны бүгінде 560 мыңға жуықтады. Бұған не себеп? Аурудың қалай алдын алуға болады?
Ұстаздық қызмет атқаратын 56 жастағы Ләззат Досанова жұмыста жүргенінде кенет өзін жайсыз сезінеді. Оң жағы төмен тартып, құлап қала жаздаған. Жүрегі айнып, діріл пайда болған соң тез арада емханаға жетеді.
Ләззат Досанова, мұғалім:
- Шыны керек, қант диабеті екенімді мен қазір естіп отырмын. Қан қысыммен есепте тұрам, жүрегімнің соғыстары дұрыс болмай, одан да ем қабылдағам. Мені мазалап жатқанына 2 ай болды. Мен оның белгісін білмеппін. Суды көп іше бастадым, сосын салмақ тастадым.
Бұрын бұл дертке 40-45 жастан асқан азаматтар шалдықса, қазір қант ауруы тіпті жасөспірімдер мен балаларда да кездеседі.
Әсел Қыдырәлиева, ҚР ДСМ ресми өкілі:
- Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 560 мыңға жуық науқас динамикалық байқауда тұрады. Оның 31 мыңнан астамы 1-типті қант диабеті, 526 мыңнан астамы екінші типті қант диабеті.
Иә, бұл тек есепте тұрғандардың саны. Осы аурумен ауырып, бірақ есепке алынбағандар қаншама?! Бұл ретте мамандар егер адам қандай да бір анализ тапсыру немесе емханалардағы тексеріс кезінде қан құрамындағы глюкозаның шамадан тыс екенін байқаса, бірден тіркеуге алынуы тиіс екенін айтады. Сондай-ақ ДСМ 30-76 жас аралығындағы азаматтар әр 2 жыл сайын қант диабеті бойынша скринингтік тексерулерден өте алатынын жеткізді.
Құралай Ибрашқызы, дәрігер-эндокринолог:
- Ең бастысы, бұл біздің тамақтану мәдениетіміздің төмендеуі. Қимыл-қозғалыстың азаюы. Сонымен қатар генетикалық, тұқымқуалаушылық, тағы да стрестік жағдайлар болады.
Мамандар бұл дерттің алдын алу ретінде салауатты өмір салтын ұсынады. Дұрыс тамақтанып, физикалық белсенділікті арттырған жөн. Сондай-ақ шектен тыс әлсіздік, жиі шаршап қалу, шөлдей беру, ауыздың құрғауы, салмақ жоғалту немесе қосу сияқты қант диабетінің алғашқы белгілерін байқасаңыз, дереу дәрігерге жүгінгеніңіз жөн.