Бұл дерт бас сүйектің бір бөлігі өспеу салдарынан, деформацияға ұшырауына әкеп соғады. 4 сағатқа созылған операция облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жасалды. Айта кетерлігі мұндай ем-дом бұған дейін тек ұлттық ғылыми орталықтарда жасалатын. Енді баласына ем іздеген науқастар Таразда емделе алады.
Алматылық Лаура Рашид баласының дамуы кеш жетіліп жатқанын бірнеше ай бұрын байқаған. Жасы 1 жыл 8 айдан асса да, еңбектеуі кешеуілдеп, өздігінен жүре алмайды. «Сөйлеуінде де мәселе болды»,– дейді баланың анасы. Соңғы айларда бас сүйегі қисайып, маңдай тұсы ішке кіріп кеткен. «Дертіне дауа іздеп талай табалдырықты тоздырдық»,– дейді ол. Соңында Тараздағы облыстық балалар ауруханасына келіп, краниостеноз диагнозының плагиоцефалия түрі екенін білген. Бұл бас сүйектің алдыңғы бөлігінің деформацияға ұшырауы. Нейрохирургтар 4 сағат ота жасап, баланың жағдайын жақсартты.
Лаура Рашид, Алматы қаласының тұрғыны
-Одан кейінгі эффект Аллаға шүкір жақсы барлығы. Өз орнымен ретімен келе жатыр. Дәрігерлердің айтуы бойынша барлығы өз орнына келеді. 1,5 жылда өзінің несіне келеді. Бала басын көтеріп, сөйлеп, жүруге талпынамын деп жүр.
Дәрігерлер: «Бұл плагиоцефалия диагнозымен келген науқасқа жасалған алғашқы операция»,– дейді. Отаны тәжірибелі дәрігер Мирдас Мурадов сәтті өткізді. Ол бұған дейін 2500-ден аса операция жасаған. Жалпы мұндай диагнозы барлар тек Астана мен Алматы қалаларында емделетін.
Мирдас Мурадов, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының нейрохирургы:
-Өте үлкен операция. Командалық операция. Біз неурохирургтар үшеуміз де операцияға қатысып жасадық. Операция жасағанда реконструкция сүйегін кесіп, түзетіп, пластиналар бар бізде. Сол пластиналармен түзетеміз. 6-7 айдан кейін контрольный тамографиядан кейін сүйектері жазылатын кезде біз операция жасап, пластиналарды алып тастаймыз. Ол пластина бізге фиксацияға керек. Сүйектер өскенше ұстауға.
Облыстық балалар ауруханасында бас сүйектің деформациясын емдеу үшін операцияның 5 түрі жасалып жатыр. Дәрігерлер: «Диагноз анықтала салысымен порталға жазылған дұрыс»,– дейді. Осылайша баланың кеш дамуының алдын алуға болады деген пікірде. Жалпы балалар аруханасында жылына 270 операция жасалады. Оның 10-ы краниостеноз диагнозы бойынша.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә