Қазақстанда 550 мың адам қант диабеті ауруына шалдыққан

  • 5
  • 14.11.2025, 19:43

Пациенттер тұрақты медициналық көмекке зәру. Диабетке қарсы күрес күніне орай ғалымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері Алматыда бас қосып, сусамырдың алдын алу және оны емдеудің жаңа әдіс-тәсілдерін талқылады. 

Былтыр Қазақстанда қант диабеті диагнозымен диспансерлік есепте 480 мың адам тұрса, бүгінде олардың саны 535 мыңнан асқан. Олардың қатарында балалар да бар. Сусамыр дерті медицинаның ең өзекті мәселерінің бірі, себебі зардабы ауыр. Науқастардың дәрі-дәрмегіне мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы да қыруар. Мәселен, 2026 жылға бұл салаға 55 миллиард теңге жоспарланған. 

Жангентхан Абылайұлы, медицина ғылымдарының докторы:

-Қант диабеті жылма жыл өсіп келе жатыр. Дүниежүзінде 8-10% өссе, бізде де 7% өсіп келеді. Сондықтан жыл сайын дәрігерлер дайындау керек болып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын бізге резиденттер дайындауға мүмкіндік береді. Асфендияров атындағы университеттің эндокринология кафедрасында 72 резидент оқып жатыр. 

Маман даярлау дертпен күрестің бір жолы. «Ең бастысы, алдын алу мен ерте диагностикалау»,– дейді ғалымдар. Еліміздің емханаларында қант диабетіне скринигтен тегін өтуге болады. Қандағы қант мөлшері мен холестеринді уақытылы тексеріп тұру да маңызды. Сарапшылар сондай-ақ науқастарға медициналық көмек көрсету мен қадағалауда көпсалалы мультидисциплинарлық тәсілді енгізуді алға тартты. Себебі офтальмолог, хирург, кардиолог, невропатолог дәрігерлер күн сайын қант диабетімен ауыратын науқастармен жұмыс істейді. 

Жанай Ақанов, Азия қант диабетін зерттеу қауымдастығының сарапшысы:

-Бұл қант диабетімен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсетудің халықаралық тұжырымдамасы. Қазақстан «бір терезе» қағидаты бойынша жаңа әрі бірегей тәсілді ұсынған болатын. Біз осы технологияны Орталық Азия және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде енгізіп, жүзеге асырдық. Яғни қарапайым тілмен айтқанда, пациент «бір терезе» қағидаты арқылы кез келген маманның кеңесін ала алады.

Конференцияда жас буын дәрігерлер тәжірибелі мамандардың кеңестерін тыңдауға мүмкіндік алды. Қонақтардың қатарында Қазақстандағы эндокринологияның қалыптасуына зор үлес қосқандардың бірі Михаил Зельцер де бар. 95 жастағы дәрігер әлі күнге дейін науқастарды қабылдауды жалғастырып келеді.

Михаил Зельцер, эндокринолог, Қазақстан профилактикалық медицина академиясының академигі: 

- Қант диабетінің өсу қарқыны әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл дерттің әлеуметтік маңызға ие болуының басты себептерінің бірі. Алдын алу және емдеу шаралары әлі де жетілдіруді талап етіді. Дегенмен бұл бағытта орасан жетістіктерге қол жетті. Алдағы уақытта зерттеулер жүргізуге үлкен мүмкіндіктер бар.

Қант диабетінің екінші типі дұрыс тамақтанбау, аз қимыл мен артық салмақтан пайда болады. Сондай-ақ тұқым қуалаушылық та себеп болып жатады. Сондықтан дәрігерлер тамақты талғап жеп, салаутты өмір салтын ұстануға үндейді.  
Гүлжан Көленқызы, Айдос Қалиев