Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізге жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Эдил Байсалов бастаған делегациямен кездесу кезінде белгілі болды. Тараптар жаңа бірлескен бастамаларды да талқылады.
Қонақтар алдымен жаңадан бой көтерген Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығын аралады. Орталық қазіргі заманғы биологиялық қауіпсіздік стандарттарына сай жабдықталған, инфекциялық ауруларды зерттеу мен бақылау бойынша еліміздегі жетекші ғылыми мекемелердің бірі. Делегацияға орталықтың зертханалары, диагностика, эпидемиологиялық мониторинг және жұқпалы ауруларды басқару бағытындағы жаңа технологиялар көрсетілді. Екіжақты кездесуде бауырлас ел өкілдеріне Қазақстан медицинасындағы жетістіктер таныстырылды.
Болатбек Баймаханов, А. Н. Сызғанов атындағы «Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы:
- Қазақстан бүгінде тірі донордан бауыр трансплантациясы бойынша 96 елдің ішінде 11-орында. Яғни біз посткеңестік кеңістікте көшбасшымыз. Ересектерге ғана емес, балаларға да осындай күрделі операцияларды жасауда тәжірибеміз мол. 10 жылдық өміршеңдік көрсеткіші – 76%. Бұл әлемдік стандартқа сәйкес келеді. Осы бағытта да біз ынтымақтаса аламыз және әріптестерімізбен алдын ала жасалған келісіміміз бар.
Кездесуде Қырғызстан пациенттерінің Қазақстанда балалар онкогематологиясы бойынша ем алуы, қырғыз мамандарын елімізде оқытуды ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Қазірдің өзінде бауырлас елдің дәрігерлері Қазақстанның ұтымды тәжірибелерін іс жүзіне енгізуде.
Эркин Чечейбаев, Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрі:
- Қазақстанмен алғашқы медициналық-санитарлық көмекті реформалау бағытында өте тығыз жұмыс істеп келе жатқанымыз бәріне белгілі. Біздің делегация жуырда Жамбыл облысында болып, озық тәжірибемен танысып қайтты. Қазақстан бұл салада алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту бойынша тек Орталық Азияда ғана емес, бүкіл әлемде алдыңғы қатарда. Сол себепті біз белсенді түрде бірге жұмыс істеп жатырмыз.
Ақмарал Әлназарова екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық маңызын атап өтті. Негізгі бағыттар – аурудын алдын алу, кадрлық әлеуетті дамыту, медицинада жасанды интеллект мүмкіндігін кеңінен қолдану мен фармацевтикалық ынтымақтастық назарда болмақ.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Біз қырғыз тарапымен екіжақты ынтымақтастыққа үлкен мән береміз. Жалпы бұл ынтымақтастық жыл сайын өз нәтижесін көрсетіп келеді. Келесі жылы Қазақстанда Қырғыз медицинасы күндері, ал Қырғызстанда Қазақстан медицинасы күндері өткізу жоспарланып отыр. Студент жастарымыздың танысуы мен достығын кеңейтуге қатысты да үлкен тілектеріміз бар. Бұл да өте маңызды деп ойлаймын.
Тараптар денсаулық сақтау саласындағы екіжақты стратегиялық әріптестікті жандандыру және бұрын қол жеткізілген келісімдерді іске асыру туралы уағдаласты.
Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев