Медицина қызметкерлеріне зорлық-зомбылық көрсеткендерге жаза күшейеді

  • 7
  • 17.12.2025, 18:36

Бұдан былай медицина қызметкерлеріне зорлық-зомбылық көрсеткендерге жаза күшейеді. Мәжіліс депутаттары тиісті кодекстерге толықтыру енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Мәселен, қылмыстық кодексте жаңа бап пайда болады. Онда медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты күш қолданғандарға жауапкершілік бар. Айыппұлдан бастап, темір торға қамауға дейінгі жаза қарастырылған. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Нақты зорлық-зомбылық бойынша жаза сол беті қалды. Ұратындарға, ол да нақты фактілерге байланысты. Ең жеңілі мысалы, 500-ден, 1000 АЕК дейін, 600 сағатқа дейін деген сияқты. Ең ауыры, ЧС кезінде егер дәрігерлер көмек көрсетіп жатқанда оған осы көмегін көрсеткіздірмесе, онда оған 12 жылға дейін деген бар. Бірақ оның барлығын анықтайтын - сот. Қазіргі уақытта бірдей 4 санкция мүмкіндіктері бар.

Келер жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде маңызды өзгеріс күшіне енеді. Мұны бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді. Ауыл тұрғындарына қолдау болады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін де жүйеге қосылу тәртібі жеңілдеді. 

Аида Балаева, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:

-Жаңа жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру пакеті едәуір кеңейеді. Оған қант диабеті, балалар церебральды сал ауруы, ревматизм секілді тағы да басқа созылмалы аурулар енгізіледі. Енді бұл санаттағы науқастар дәрігер консультацияларын, қажетті дәрі-дәрмектерді және ем шараларын толық көлемде міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде ала алады. Жүйе сондай-ақ кең таралған басқа да ауруларды емдеу мен бақылауды өз мойнына алады.