Қызылордада үш жасқа дейінгі балаларға арналған алғашқы ерте оңалту орталығы ашылды. Өңірде бүгінде 34 мыңнан астам мүмкіндігі бар азамат тұрады. Олардың жеті мыңға жуығы бала. Жаңа орталық жыл сайын дамуы кешеуілдеген 600-ге жуық бүлдіршінді қабылдайды.
Қала тұрғыны Гүлназ Темірбектің үш жасар ұлы осы орталықта ем қабылдап жүр. Оның айтуынша, логопед пен психологтардың жүйелі жұмысы баласының сөйлеу қабілетін жақсартуға мүмкіндік беріп жатыр.
Гүлназ Темірбек, Қызылорда қаласының тұрғыны:
-Баланың есту көру мүшелерін дамытады. Жүйке жүйесін тыныштандырады. Мен өте қуаныштымын, өйткені баламды күнде, аптасына 2-3 рет әкелсем де балама ол өте пайдалы. Бір жағынан ерте дамытуды айтамыз ғой. Сол өте жақсы көмектеседі.
Мамандардың айтуынша, бұған дейін үш жасқа дейінгі балаларға емдік көмек қалалық емханалар мен облыстық балалар ауруханасында көрсетілген.
Мая Мирзанова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Ал егерде бейінді, айтып отырған профильный специалистер қажет болған жағдайда біз көпбейінді облыстық балалар ауруханасы деңгейінде консилиум ұйымдастыратынбыз. Консилиумның шешімімен әр маман өзінің диагностикалық зерттеулерін тағайындайды және емін тағайындайды. Сол арқылы біз егерде облыс деңгейінде емделетін науқас болса, сол стационарға жатқызамыз. Болмаса жоғарыда республикалық деңгейге жолдайтынбыз.
Жаңа орталық заманауи оңалту құрылғыларымен жабдықталған. Мұндағы мамандар арнайы біліктілік арттыру курстарынан өткен. Мысалы, мына робот тренажер балалардың аяқ бұлшықеттерін дамытуға арналған. «Бұл құрылғы өзі жүре алмайтын балалардың аяққа тез тұрып кетуіне сеп болады»,– дейді мамандар.
Гүлнұр Өксікбаева, облыстық Көпбейінді балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
-ЛФК инструкторлары айналысады балалардың сөйлеу қабілеттерін жөндейді және әртүрлі қимыл қозғалыстардың бұзылыстарында алдын алу мақсатында жұмыс жасалынады. Бұл орталық бізде 20 төсек орынға арналып отыр. Онымен қоса осы Қызылорда облысының балаларының барлығын амбулаторлы түрде қабылдаймыз.
Айта кетейік, өңірде бұған дейін Қызылорда қаласы, Арал және Жаңақорған аудандарында 3 пен 18 жас аралығындағы балаларға арналған оңалту орталықтары ашылған. Жаңа ерте оңалту орталығының іске қосылуы дамуында тежелісі бар балаларды үздіксіз әрі жүйелі емдеуге жол ашты.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин