Жетісу облысындағы Ескелді би ауылында биыл жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Ал, былтыр әкімшілік ғимарат пен мәдениет үйі және спорт кешені салынып ел игілігіне берілген болатын. Әлеуметтік нысандары толықтай жаңартылған елді мекендегі 9 отбасы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алып, өз кәсібін ілгерлетіп отыр.
Гүлзипа Келгенбаева «Ауыл аманаты» бағдарламасымен берілген несиеге 10 бас жылқы сатып алған. Екі жылда ол Қамбар ата төлінің санын екі есе арттырды. Еңбек адамы енді саумал, қымыз сатуды қолға алмақ.
Гүлзипа Келгенбаева, Ескелді би ауылының тұрғыны:
- Құрт, ірімшік өнімдерімен айналысқам. Соның бәрін өзім жасайтынмын. Енді оған қосымша жер алдық жолдың бойынан, енді оны ары қарай қосымша сүт өнімдерімен, қымызбен жалғастырып, үлкейту керек деген ойым бар. Осы мақсатта қазір отбасымызбен жұмыс істеп жатырмыз.
Ауылдық округте 150 шақты шаруа қожалығы тіркелген. Олар негізінен төрт түлікті түлетіп, жер игерумен айналысады. Күріш егуді кәсіп еткен шаруалар өсірген дақылын өздері өңдейді.
Леонид Тен, кәсіпорын бригадирі:
-Биыл 330 гектар күріш ектік. Орташа есеппен 41 центнерден өнім алдық. Өнімді Жетісу, Алматы облысы мен Шығыстағы аймақтарға жібереміз. Келесі жылы егістік көлемін 440 гектарға жеткізіп, өзге дақылдарды егеміз деп отырмыз.
Ескелді ауылдық округін Талғат Балшенов басқарады. Екі жыл бұрын сайланған әкім Астанада өткен алқалы жиынға қатысып, ауылды дамытуға бағытталған тапсырмаларды Мемлекет басшысының өз аузынан естіді.
Талғат Балшенов, Ескелді ауылдық округінің әкімі:
-Техника штатымен бөлсе ауылдың ішіне ең керек нәрсе. Өйткені ауыл тазалығы бар. Сондай нәрсеге қолданғанға. Содан жаңағы жеке серіктестіктерден түсетін табысты ауылдарға бөлсе деп ойлаймыз. Соны ауыл қажеттілігіне жұмсап, ойлаған іс-шараларды орындауға болады деп ойлаймын. Осы мәселелердің көтерілгені бізге жақсы болды.
Екі жылда елді мекенде төрт әлеуметтік нысан ашылды. Жасөспірімдер қазір заманауи мәдениет үйінде түрлі үйірмелерге қатысып, спорт кешенінде жаттығады. Жаңа дәрігерлік амбулатория мен әкімшілік ғимарат та ауыл ажарын ашып тұр.
Қабыл Абай, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
-Кейінгі жылдары төрт көшеміз салынды. Мәдениет үйіміз бар. Спорт сарайы бар. «Адам өзі мың жасамайды ұрпағы мың жасайды» ғой. Бәріміз ұрпақ деп отырмыз. Ұрпағымыз үшін болашағы бар деп айтамын.
Өңір 8 аудан мен екі қаладан тұрады. Әкімшілік аумақта 350 ауыл бар.
Жетісу облысы құрылғалы аймақта 276 мемлекеттік мекеме күрделі жөндеуден өтіп және жаңадан салынды. Бұл аймақтағы әлеуметтік нысандардың тең жартысанан астамы. Келесі жылы тағы 68 ғимараттың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Айгүл Ғазизулина