Елде нәресте өлімі 19% азайды

  • 3
  • 26.12.2025, 18:50

Елде нәресте өлімі өткен жылмен салыстырғанда 19 процентке азайып, тарихи ең төменгі деңгейге жетті. «Бұл Қазақстанда жүргізіліп жатқан кешенді мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі»,- дейді мамандар.

Жас ана Маржан Доскенова егіздерді ай-күніне жетпей, жүктіліктің 30-аптасында дүниеге әкеледі. Зейненің салмағы 1 мың 300 грамм, ал Зеренің салмағы бар-жоғы 880 грамм болған. Тыныс алуларының өзі әлсіз болған шақалақтардың бүгінде дамуы қалыпты. Денсаулықтары жақсы. 

Маржан Доскенова, қала тұрғыны:

-Қазіргі кездегі салмақтары бірінші қызымыздікі 2190 г, екінші қызымыздікі 2065 гр. Бұның барлығы ең біріншіден  Алланың, одан кейін дәрігерлердің, медицинаның күннен-күннен дамып жатқандығының арқасында деп білемін.


Бұрын шала туған балаларды аман алып қалу өте сирек еді. Қазір 500 грамм болып дүниеге келген нәрестені адам қатарына қосуға мүмкіндік бар. Себебі елдегі перинаталдық орталықтардардың барлығында неонатология бөлімшесі жұмыс істейді. Онда жоғары технологиялық көмек жақсы дамыған.  

Ғалым Шегенов, №2 қалалық көпбейінді аурухана директорының босандыру жөніндегі орынбасары:

-3 келі туылған балаға да, 500 грамдық балаға да операция жасауға мүмкіндік бар. Біз ол баланы сақтап қалу үшін біздің тарапымыздан да, акушер-гинекологтар тарапынан да егер бір көрсеткіш болып тұрса, біз оны аман сақтап қалу үшін кішкентай жас шала туған балаларды операцияға алатын кездеріміз де болады.


Ағымдағы жылы Қазақстан жүкті әйелдерге мамандандырылған көмектің қолжетімділігін кеңейтті. Туа біткен даму кемістіктерін ерте анықтау жүйесін де күшейтті. Жүкті әйелдер мен нәрестелерге арналған скринингтер мен талдаулар саны артты. Одан бөлек патронаждық қызмет жақсарды. 

Мағрипа Ембергенова,  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры:

-Осы жылы заңға түзетулер енгізіліп, денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен патронаждық мейіргерлердің міндеттері заңда анық көрсетілді. Патронаждық бағдарламалар арқасында балалар өлімі 22% төмендеді. Бұл көрсеткіш патронаждық қызметтің бала денсаулығын ерте кезеңде бақылау мен күтім көрсету арқылы нақты нәтижеге қол жеткізгенін білдіреді.


Қазір алғашқы санитарлық медициналық көмекке баса мән беріліп отыр. Сондай-ақ шалғай елді мекендерде тұратын жүкті әйелдерге арналған пансионат та бар. Ал санитарлық авиация биыл 2 мың рет көкке көтерілсе, соның 80 проценті ана мен баланың өмірін аман алып қалу үшін жасалған. Осының нәтижесінде биыл нәресте өлімі тарихи ең төменгі деңгейге жетті.
Яғни 19 процент азайған.  

Алуа Маханбет, Самат Сүлейменов