Донордың көмегіне зәру балалар да аз емес. Қазақстанда трансплантация жасайтын орталықтар да, білікті мамандар да бар. Олар жылына жүздеген адамның өмірін құтқарып келеді. Дегенмен ағза ауыстыру мәселесінің түйіні донорларға тіреліп тұр.
Алматы қаласының тұрғыны Мөлдір Абселемова бала кезінен бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан. Өсе келе дерті асқына түседі. 2018 жылдан бері диализге тәуелді. Аурудың салдарынан еңбек етіп, еркін жүре алмаған. Бір апта бұрын Мөлдірге мәйіттік донордың бүйрегі салынды. Уайым-қайғы, ұйқысыз түндер артта қалды.
Мөлдір Әбселемова, қала тұрғыны:
- Маған сол таңғы жетіде қоңырау соғылды. Содан кейін айтты: «Екі адамға донор дайын тұр, сіздің қаныңыз сәйкес келеді, келіп, талдаулар тапсырыңыз», - деді. Сонымен келіп, тапсырып, сәйкес келіп, менікі сәйкестігі көп болды да, содан кейін мені алды.
Қазір Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында бүйрегін алмастырған 18 науқас реабилитациядан өтіп жатыр. Биыл осы орталықта 74 бүйрек трансплантациясы жасалыпты. Соның 11-і ғана мәйіттік донор. «Бұл туыстық трансплантация әдісімен бірдей болғанмен, оңалту курсы әртүрлі», - дейді дәрігерлер.
Елшад Нәбиев, «А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы:
- Тірі туыстық донордан алған науқастар жетінші, сегізінші тәулікте үйіне шығарылады. Ал мәйіттік донордан алынған науқастар екі апта, үш апта немесе 21 күнге дейін біздің бөлімшеде емдеп, барлық зертханалық мәліметтер қалыпқа келгеннен кейін үйіне шығарамыз.
Дәрігерлердің айтуынша, биыл мәйіттік донор саны былтырғымен салыстырғанда үш есе артқан. Нақтырақ айтсақ, 17 мәйіттік донор 69 адамға жаңа өмір сыйлаған. Марқұмдардың жақындарына донорлықтың маңызын түсіндіріп, реципиент пен аурухана арасында байланыс жасау үйлестіруші маманға жүктеліп отыр.
Болатбек Баймаханов, «А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы:
- Мәйіттік донордан трансплантация жасау мәселесі алға жылжып келе жатыр. Оның себептері – енді халық қолдап жатыр, бұның қажеттілігін түсініп жатыр. Қазір мына координаторлардың жұмысы жақсарып, олар да жақсы жұмыс істеп жатыр. Сондықтан өстіп-өстіп, бара-бара мәйіттік донордан трансплантация өз деңгейінде болады деген ойдамыз.
Статистика бойынша елімізде 4500-ден аса адам сау ағза кезегінде тұр. Соның 4 мыңға жуығы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан науқастар. Бауыры ауырып, жүрегінде кінәраті барлар көп. «Олардың барлығына көмектесудің жалғыз жолы – мәйіттік донор», - дейді дәрігерлер.
Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев