Биылға арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жоспарлы жеткізу басталды. Жүйе халықты биыл тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қаншалықты дайын?
Құралай Жұмахан, тілші:
- Бұл Астанадағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сақтайтын қойма. Халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жөнелту жұмыстары 5 қаңтар күні басталып кетті. Бүгінгі жағдай бойынша қаңтар айына жоспарланған жұмыс көлемі 20 пайызға артық орындалған.
Нұрдана Қаниева, «СҚ-Фармация» баспасөз қызметінің басшысы:
- Бірыңғай дистрибюьтер әлеуметтік маңызы бар аурулары бар пациенттерді қамтамасыз етуге басым бағыт беруде. Атап айтқанда, гемофилия бойынша қазіргі таңда 30-ға жуық пайыз және онкология бойынша 40 пайызға жуық, қант диабеті бойынша 10 проценттен астам көлемі медициналық ұйымдарға жөнелтілді.
Бұл вакциналар сақталатын қойма. 2025 жылға арналған екпелер медициналық ұйымдарға толық жөнелтілген. Енді бірер айда 2026 жылға арналған вакциналар келеді.
Мұхамеджан Асылбеков, провизор:
- Жылына наурыз және тамыз айында 2 рет келеді вакциналар. Әр вакцина келген кезде ең бірінші пломбасын қараймыз. Содан кейін «температурный режим распечаткасын» аламыз. Егер сәл қандай да бір сақтау режимінен ауытқу болатын болса, біз ондай дәрілерді қабылдамаймыз, кері қайтарылады.
Бүгінде Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларында орналасқан төрт ірі логистикалық хаб, сондай-ақ Қазақстан аумағы бойынша 9 операциялық қоймасы жұмыс істеп тұр. Бұл өңірлерге дәрілік заттарды уақытылы жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құралай Жұмахан, Мейірбек Беспаев