Павлодар облысының медициналық авиация қызметі бір тәуліктің ішінде 7 рет шақыртуға шықты. Тереңкөл ауданынан 21 жастағы азамат пен 4 айлық сәби облыс орталығына реанимобильмен жеткізілген. Ал омыртқасынан ауыр жарақат алған Екібастұз қаласының тұрғыны тікұшақпен тасымалданды. Медициналық авиация – адам өміріне қауіп төнген жағдайда шұғыл көмек көрсететін қызмет түрі. Өткен жылы осы қызметтің көмегімен 300-ден астам науқастың өмірі құтқарылған.
Медициналық авиация қызметі жер үсті және әуе көлігі арқылы жүзеге асады. Диспетчерге шақырту түскен сәттен бастап 30 минут ішінде мобильді бригада жолға шығады. Күніне шамамен онға жуық шақырту қабылданады және олардың барлығына жедел әрекет ету қажет болады.
Аяжан Егінбай, фельдшер-диспетчер:-Егер жолдар ашық болатын болса үлгереміз, ал осындай қыс уақытында жолдар жабылып жатады, сағат 9-дан кейін, 10-нан кейін сол кезде біз таңертеңге қалдырамыз түгелін. Бізге өте күрделі жағдайлармен хабарласады. Бұл жаңағы жол апаты, өрт, жаңа туған нәрестелер өте ауыр-ауыр.
Ауыр хәлдегі науқастарға алғашқы медициналық көмекті халықаралық стандарттарға сай дайындықтан өткен, жоғары білікті реаниматологтар көрсетеді. Мамандардың айтуынша, уақытты барынша қысқарту үшін әуе арқылы тасымалдаудың маңызы ерекше.
Алмагүл Бесембинова, үйлестіруші дәрігер;-Жедел шақыртуларда әуе көліктеріне басымдық беріледі. Қазіргі уақытта тек бір тікұшақ қызметте, ал болашақта қосымша ұшақты енгізу жоспарлануда. Әуе арқылы тасымалдау науқастардың денсаулығын толық қалпына келтіріп, қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік береді және мүгедек болып қалу қаупі төмендейді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің әуе құтқару ұшағы тәулік бойы қызмет атқарады және кез келген сәтте ұшуға дайын. Өткен жылы санитарлық авиация 85 рет көкке көтеріліп, шалғай ауылдардан ауыр халдегі науқастарды облыс орталығына жеткізген.
Әлібек Түсіп, ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағының екінші пилоты:-Біз бірнеше бағытта жұмыс істейміз. Ол санитарлық рейс, құтқару рейстері, төтенше жағдай бойынша рейстер. Соңғы кездері бізде жол орнында оқиғалар көбейіп кетті. Осы екі апта ішінде біз Екібастұз қаласынан үш санитарлық рейс жасадық. Ол көбісі жол апаты оқиғасынан болған жағдай. Біз Екібастұздан Павлодар әуежайына жеткізіп, тасымалдадық.
Санитарлық авиация атқаратын әрбір қызмет аса маңызды. Адам өміріне қауіп төнген сын сағаттарда кәсіби білікті мамандар жылдам әрі сенімді көмек көрсетеді. Жол үстінде науқастың жағдайын тұрақтандыру үшін барлық қажетті реанимациялық процедуралар жасалады. Дәл қазір осындай жауапты сәтке дайындық жүріп жатыр.
Өткен жылы медициналық авиация қызметі 300 шұғыл шақыртуға шықты. Науқастар облыстың алыс ауылдарынан және Ақсу, Екібастұз қалаларынан жеткізілді. 85 шақыртуды орындау кезінде тікұшақ қолданылды. Күннің қысқа болуына байланысты қыс айларында тікұшақ рейстері тек күннің бірінші жартысына жоспарланады.Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков