Елде 4 фармацевтикалық зауыт салынады

  • 22
  • 22.01.2026, 21:46

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыларға қол қойды. Жаңа жобалар Президент тапсырмасымен фармацевтика саласындағы отандық өндіріс үлесін арттырып, импортқа тәуелділікті азайту үшін қолға алынды. 

Отандық дәрі шығаратын жаңа кәсіпорынның екеуі Алматы қаласында, бірі Алматы облысында, ал төртіншісі Түркістан облысында орналасады. Үкіметте бекітілген жобаларға жалпы көлемі 173 млрд теңге инвестиция қарастырылған. Нәтижесінде халық үшін маңызды 400-ге жуық дәрі-дәрмек өз елімізде өндірілмек.

Фатима Смағұлова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармацевтика өнеркәсібін дамыту басқармасының басшысы:

- Жобаларды жүзеге асыру арқылы әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттарды қоса алғанда, 356 дәрі-дәрмек түрін ел ішінде өндіру көзделген. Өндірістік желі онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған дәрілерді, сондай-ақ иммунобиологиялық, вирусқа қарсы, антианемиялық, ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, суық тиюге қарсы және микробтарға қарсы препараттарды қамтиды.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде шамамен 675 жұмыс орны ашылады. Жаңа өндірістердің іске қосылуы фармацевтика нарығындағы импорт үлесін азайтып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын нығайтады. Әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттарға ерекше басымдық берілмек.

Аслан Қинаятов, ҚР ДСМ Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры:

-Сонымен қатар жалпы көлемде 72 әлеуметтік маңызы бар препаратты шығару жоспарлағанын ерекше атап өткен жөн. Жобаларды іске асыру қазақстандық дәрілік заттар өндірісінің үлесін  едәуір арттыруға импортқа тәуелділікті төмендетуге және халықтық қолжетімді  әрі сапалы дәрілік препораттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  

Жаңа өндірістер заманауи технологиялармен жабдықталады. Және халықаралық сапа стандарттарына сай жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.

Алуа Маханбет