Абай облысында 114 адам бүйрек трансплантациясына мұқтаж

  • 12
  • 19.01.2026, 21:37

Абай облысында 114 адам бүйрекке, 4 адам бауыр трансплантациясына мұқтаж. Дәрігерлердің мәліметінше, өңірде донорлыққа деген оң көзқарас қалыптасып келеді. Бүгінге дейін eGov мобильді қосымшасы арқылы 3 мыңға жуық тұрғын қайтыс болғаннан кейінгі донор болуға ниет білдірген. Мамандар бұл көрсеткіш адам өмірін сақтаудағы маңызды қадам екенін айтып отыр.

Алексей Воронцов қазір 40 жаста. Бала кезінен созылмалы гломерулонефрит дертімен күресіп келеді. 2023 жылы денсаулығы нашарлап ауыр халде реанимация бөліміне түседі. Оған созылмалы бүйрек жетіспеушілігі диагнозы қойылған. Қазір аптасына 2-3 рет гемодиализ емін қабылдайды. Әр процедура 3,5 сағатқа созылады. Бүгінде ол донорлық бүйрек трансплантациясын күтіп, үмітін үзбей келеді.

Алексей Воронцов, Семей қаласының тұрғыны:

-
Мұндай жағдайды өз басынан өткермеген адам қарсы болуы мүмкін. Ал мен бұл тақырыппен бетпе-бет келгендіктен әрине қолдаймын. Өйткені мұның қаншалықты қажет екенін бастан өткерген адам ғана түсінеді.

Семейде еліміз бойынша жалғыз бүйрек орталығы жұмыс істейді. Қазір гемодиализ бөлімінде 309 науқас ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша жыл өткен сайын гемодиализге мұқтаж адамдардың саны артып келеді. Мәселен, 2023 жылы бұл көрсеткіш 249 адам болса, бүгінде олардың саны 309-ға жеткен.

Венера Оралтаева, Семей қаласы бүйрек орталығы нефрология бөлімінің меңгерушісі:

-Ақсуат, Аягөз, Үржар және Көкпекті аудандарында филиалдарымыз жұмыс істейді. Облыс бойынша 80 гемодиализ аппараты бар. Науқастарды диализге қабылдаған сәттен бастап, біз бүйрек трансплантациясын қарастырамыз. Себебі адамның өмір бойы гемодиализге тәуелді болмауы маңызды. Қазір күту тізімінде 109 адам бар.

Астана, Алматы және Шымкентте трансплантация орталықтары жұмыс істейді. Қайтыс болғаннан кейін донор болу тек дәрігерлер бас миының қызметінің тоқтағанын растаған жағдайда мүмкін. Бұл биологиялық өліммен тең. Сондықтан қазір қайтыс болғаннан кейінгі донорлық жүйесі дамып келеді.

Ғалия Әлібекова, трансплантация бойынша өңірлік үйлестіруші:

-Бір адамның қайтыс болуы, жаңа өмірдің бастауы болуы мүмкін. Өйткені бір донор жеті адамның өмірін сақтап қала алады. Қазіргі таңда 4 мыңнан астам адам трансплантация бойына кезекте тұр. Олардың 120-дан астамы балалар. Абай облысында 114 адам бүйрекке, 4-еуі бауырға мұқтаж.

Дін өкілдері де қайтыс болғаннан кейін мұқтаж адамға өмір сыйлау сауапты іс екенін айтады. Бірақ оның да бірнеше шарттары бар.

Құттыбек Түменбай, Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешіттің наиб имамы:

-Қайтыс болайын деп жатқан кезде ақыл есі сау бола тұра өсиет қып жататын болса, менің осы мүшемді басқа адамдарға рұқсатымды беремін деген секілді шарттар болуы керек. Осы кезде ол жүзеге асады. Және де бұл ұрпақ тарататын мүше болмауы керек. Тірі адамда да, өлі адамда да.

Дегенмен кез келген адам донор бола бермейді. Қант диабеті, жүректің ишемиялық аурулары немесе онкологияға шалдыққан науқастар бұл мүмкіндікті пайдалана алмайды. Қазір елімізде 130 мыңнан астам адам донорлыққа ниет білдірген, олардың шамамен 3 мыңы Абай облысының тұрғындары.

Бүгінде еліміз бойынша 4 мыңға жуық адам трансплантацияға мұқтаж. Донорлық орган олардың толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік береді. Қайтыс болғаннан кейін донор болуға ниет білдіру үшін eGov мобильді қосымшасы арқылы өтініш беру қажет. Бірақ дәрігерлердің айтуынша, заңға сәйкес, шешімді қайтыс болған адамның жақындары қабылдайды.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов