Елімізде қызылшамен ауру көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 85% төмендеген. Дегенмен жыл басынан бері 1951 жағдай тіркелді. Әсіресе, 5 жасқа дейінгі балалар арасында кең таралған. Бұл туралы Үкіметте өткен жұқпалы аурулардың таралуына қатысты кеңесте айтылды. Қызылшаны Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл, Атырау облыстарының тұрғындары көп жұқтырған. Мамандар олардың басым бөлігі вакцина алмағанын айтып отыр. Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева эпидемиологиялық ахуалды ерекше бақылауға алуды, халық арасында иммундаудың маңыздылығы жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.