Шығыс Қазақстан облысында ондаған ауылға заманауи медициналық мекеме қажет. Себебі жарты ғасыр жаңармаған нысандар тозған. Кей ауылда дәрігерлер ешқандай жағдай жасалмаған ғимаратта тұрғындарды емдеп жүр. Мәселен, Шұбарқайың ауылындағы медпункт әлі күнге пешпен жылытылатын ескі нысанды паналап отыр. Ал Самар ауданына қарасты 22 ауылдың тек біреуінде ғана заманауи нысан салынған. Мәселе қашан шешілмек?
Миролюбовка кентіндегі бұл ғимарат Самар ауданында кейінгі 30 жылда жаңадан бой көтерген алғашқы денсаулық сақтау нысаны. Заманауи медпункті салуға аталған ауыл кездейсоқ таңдап алынған жоқ. Елді мекен Бұқтырманың жағалауында орналасқан. Айналасы туристік аймақ. Жазғы маусымда мұнда күн сайын шамамен 2,5 мың адам демалысқа келеді. Әрине, осынша адамға ескі нысан қызмет көрсете алмайды.
Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:
- Біз сондықтан енді ауылдың жағдайын ойлап, мына туристер жағын ойлап, осы медпункт жаңадан салдық. Өздеріңіз көргендей, заманауи, енді туристер қай шетелден келсе де, біз ұялмай қабылдауымызға болады. Енді бізде тағы да 2-3 үлкен ауылдар бар. Соларға біз медпункт салу туралы тағы да ойластырып жатырмыз
Жаңа медициналық нысанның салынуын Шұбарқайың ауылының тұрғындары да асыға күтіп жүр. Ауылдықтар басы ауырып, балтыры сыздаса ем іздеп қуықтай ғана мына үйге келеді. 50 жыл бұрын салынған ғимарат тозып тұр. Қабырғалары сөгілген, жауын жауса төбеден тамшы ағады. Күніне 3 мәрте от жағып отырмаса азынап кететіні тағы бар. Медбике Гүлнар Оразғалиева осы жерде 35 жылдан бері науқастарды қабылдап келе жатқанын айтады.
Гүлнар Оразғалиева, медбике:
-Шұбарқайың ауылы арқылы үлкен күрежол өтеді. Сондықтан көлік апаттары жиі болады. Қажетті жабдықтардың жоқтығынан кейбір көмектерді көрсете алмай жатамыз. Тіпті бұл жерде жүкті әйелдерді босандырып алған кездеріміз де болған.
Жергілікті тұрғындар бұл жерде тиісті көмек көрсетілмейді, тек ауырғанда келіп қаралып кетеміз дейді. Медициналық талдауларды тапсыру үшін ауданға барады. Себебі мұнда қажетті құрал-жабдық жоқ.
Людмила Михеева, Шұбарқайың ауылының тұрғыны:
- Бұл жерде дәрі-дәрмек те жоқ. Бір дәрі алу үшін сонау аудан орталығына бару керек. Осында тым болмаса қарапайым құрал-жабдықтар қойылса екен. Себебі сәл ауырсақ болды аудан орталығына барып жүрміз.
Өңірдегі өзге аудандарда да осыған ұқсас жағдай. Денсаулық сақтау басқармасы мәселені кезең-кезеңімен шешеміз деп уәде беріп отыр. Соңғы 2 жылда аймақтағы алыс ауылдарда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 36 медициналық пункт салынды.
Елдос Кәкенов, Анель Есенбердина, Жигер Бабаканов