Қызылша жұқтырғандардың 78% екпе алмаған

  • 598
  • 20.02.2026, 21:58

Еліміздің 9 өңірінде қызылша ауруының кең таралғаны анықталды. Жыл басынан бері 3 мыңнан астам адам дертті жұқтырған. Әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар арасында көп. Бас санитарлық дәрігер жағдайдың ушығуын азаматтардың екпе салдырудан бас тартуымен байланыстырады.

Сархат Бейсенованың айтуынша, науқастардың 78 пайызы екпе алмаған. Оған қоса басым бөлігі - вакцинадан өз еркімен бас тартқандар. Осыған байланысты бас санитарлық дәрігер арнайы қаулы қабылдады. Енді балаларды қосымша иммундау шаралары күшейтіледі және ауру ошағы анықталған орындарға шектеулер енгізіледі.

Сархат Бейсенова, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:

- Аталған қаулыға сәйкес, мынадай шаралар жоспарланған: қызылша, қызамық және паротитке қарсы иммундау іс-шаралары. Ұйымдасқан ұжымдарда, әскери бөлімдерде және білім беру мекемелерінде қызылша тіркелген жағдайда, егілмеген адамдар уақытша шеттетіліп, эпидемияға қарсы алдын алу шаралары жүргізіледі. Балаларды стационарларға жоспарлы түрде жатқызуға қойылатын талаптар да ескерілген: бұл тек қызылшаға қарсы екпесі бар балалар үшін жүзеге асырылуы тиіс.