Енді обыр дертін жаңа әдіспен емдеуге болады

  • 10
  • 26.02.2026, 21:41

Заманауи технологиялар дертті дер кезінде анықтап, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.   

Елімізде ядролық медицина қарқын алып келеді. Жоғары технологиялық жабдық, заманауи диагностика азаматтардың дертін ерте анықтауға сеп болып отыр. Мәселен, қазір позитронды-эмиссиялық томография, яғни ПЭТ әдісі кең қолданылады. Ол обыр, жүрек және неврологиялық ауруларды дәл анықтайды. Жаңа қондырғыларды меңгеру үшін дәрігерлер шетелде оқып келген.

Индира Тілеулесова, радиациялық технологиялар орталығының басшысы:

-Қазір Қазақстанда радиациялық медицина екі үлкен бағытта дамуда. Ол – радиациялық онкология және ядролық медицина. Ядролық медицинада радиоактивті көздер, радиофармацевтикалық препараттар қолданылады. Олар диагностика үшін немесе пациентке ішке енгізу арқылы емдеу үшін қолданылады. Бізде ПЭТ диагностикасы жақсы дамыған, яғни науқасқа арнайы препаратты саламыз да сол арқылы толық диагноз қоя аламыз. 

Бүгінде Ұлттық радиациялық орталық радиоактивті көздерді қолдану арқылы емдеудің толық циклін қамтып отыр. Содан болар, дертіне дауа іздеп шетелге ағылатын ағайынның жанына жалау болуда.

Фаиль Жамалдинов, циклотронды-өндірістік кешені өндіріс бөлімінің бастығы:

-Циклотронды өндіріс кешені бұл радиофармацевтикалық препараттарды өндіруге арналған алаң. Біз онкологиялық ауруларды анықтау үшін радиофармацевтикалық препараттарды қолданамыз. Кешенде өндірістік практика талаптарына сай барлық тәртіп қатаң сақталады. Бұл өнімнің сапасын, өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет.

Ұлттық ғылыми онкология орталығындағы Радиациялық кешен озық технологияларды, радиофармпрепараттардың өзіндік өндірісін, диагностика мен емдеудің халықаралық стандарттарын, сондай-ақ қуатты ғылыми-білім беру базасын біріктіреді. Бұл технологиялық прогресс қана емес, сонымен қатар азаматтардың өмір сүру сапасының артуына мұрындық болып отыр.

Құралай Жұмахан, Руслан Тәуірше