Ұлытауда соңғы күндері қызылша дертін жұқтырғандар саны көбейіп барады. Қазір облыстағы инфекциялық ауруханаларда 51 науқас ем қабылдап жатыр. Олардың дені 14 жасқа толмаған, 95 пайызы екпе алмаған. Осыған байланысты қосымша иммундау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 2,5 мыңға жуық адамға екпе салынды. Аурудың 12 ошағы анықталып, науқастармен байланыста болған адамдар да бақылауға алынды.
Мамандар қызылша белгілері байқалған бойда өз бетімен емделмей, дереу дәрігерге қаралуға кеңес береді.
Гүлсара Аймурзина, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
- Негізгі сырқаттанушылық Сәтбаев пен Жезқазған қаласында. Ауру облыстың 4 мектебінде және 8 мектепке дейінгі ұйымдарда тіркелді. Қызылшаға қарсы дәрі-дәрмек жоқ. Оның жалғыз ғана емі – вакцинация. Вакцинация тегін. Өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша амбулаторияға барса, екпе салынады.