Қазақстандық ғалымдар жүрекке жасалатын операцияны үйрететін VR-тренажер ойлап тапқан. Бұл 2020 жылы халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде ашылған алғашқы аралас шынайылық зертханасы мамандарының жобасы. Ол коронарлық артерияларды стенттеу операциясын виртуалды түрде орындауға мүмкіндік береді. Ол үшін тек VR көзілдірік пен қолғап қажет болады. Болашақта бұл жоба медицинада білім алушы студенттердің практикалық сабағын алмастыруы мүмкін. Зертхана жетекшісінің айтуынша, бастапқы мақсат студенттерге физикалық эксперименттер жасауға мүмкіндік беретін виртуалды зертхана ашу болған.
Дана Цой, Mixed reality зертханасының жетекшісі:
-Жобалардың қолдану аясы медицинадан бастап, базалық білім беруге дейін қамтиды. Мысалы, физикалық зертханалар. Қазір көріп тұрғандарыңыздай, біз өзіміздегі нақты кабинетке ұқсас зертханалық жұмысты виртуалды түрде жасап шығардық. Студенттер университетке де, зертханаға да келмей-ақ, виртуалды ортада физика бойынша тапсырмаларды орындай алады.