Елде травматологиялық орталықтардың бірыңғай желісі іске қосылды

  • 9
  • 31.03.2026, 21:40

Елде өңірлік травматологиялық орталықтардың бірыңғай желісі іске қосылды. Олар тәулік бойы шұғыл реанимациядан бастап, жоғары технологиялық операциялар мен кейінгі оңалтуға дейін толық медициналық қызмет көрсетеді. Жобаны академик Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы әзірлеп, Денсаулық сақтау министрлігі қолдаған. Қазір пилоттық кезең Астана, Алматы және Балқаш қалаларында жүзеге асырылуда. Ақхалаттылардың айтуынша, біріктірілген желі науқастарға көмекті сол жерде, уақыт жоғалтпай көрсетуге мүмкіндік береді. Айта кетейік, былтыр ел стационарларына 173 мыңнан астам жарақат алған адам жүгінген. Оның 36 мыңнан астамы жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен.

Ержан Ысқақов, ҰҒТО Стратегиялық және өңірлік даму, мониторинг және талдау орталығының басшысы:

-Әрине, алғашқыда әр өңірде травматологиялық орталықтардың бірыңғай желісін ашу қиын болмақ. Дегенмен, еліміздің географиялық ерекшеліктері мен шалғай елді мекендердің әркелкі орналасуын ескерсек, бұл бастама халық үшін өте маңызды. Ол медициналық көмекті қолжетімді етіп, көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.