Елімізге ем іздеп келетін шетелдіктер көбейді

  • 8
  • 02.04.2026, 19:18

Соңғы бес жылда Қазақстанға медициналық туристер саны бес есе көбейді. Оларға онкология, кардиохирургия, нейрохирургия, репродуктивті медицина, ортопедия және травматология, сондай-ақ стоматологиялық жәрдем көрсетілген. Медициналық саяхатшылар елімізге ТМД мен Орталық Азия елдерінен ғана емес, Еуропадан, Таяу Шығыстан және Америка Құрама Штаттарынан да келеді. Шетелдіктерді ел медицинасы несімен қызықтырады? Саладағы туристік әлеует қандай?

Бұрын медициналық туризмнің әлеуеті ғана айтылса, бүгінде әлеует нақты нәтижеге айналды. Былтырдың өзінде елімізге 2000-нан аса шетелдік ем алу үшін келген. Қытайдан келетін туристер саны 24 есеге, ал Үндістаннан келетіндер 40 есеге артқан. Сонымен қатар Түркиядан келушілер легі үш есеге көбейген. Бұл өсім Қазақстанның медициналық қызмет сапасын арттыру, емдеу мекемелерін халықаралық стандарттарға сай жабдықтау және туристерге қолайлы жағдай жасау шараларының нәтижесі. Десе де, мамандар медициналық иуризмді дамыту үшін кешенді тәсіл қадет екенін айтады.

Наталья Ющицина,  ҚР ДСМ Салидат Қайырбекова атындағы ҰҒДСДО департамент директоры:

-Шетелдік пациенттермен жұмыс істеудің нақты ережелері мен стандарттарын қалыптастыру маңызды. Және медициналық қызметтердің ұлттық брендін ілгерілету арқылы қазақстандық медицинаның халықаралық позициясын күшейту қажет. Сондай-ақ сервистік инфрақұрылымды жетілдіре түсу керек. Себебі шетелдік пациенттер үшін медициналық қызметтер ғана емес, түсінікті навигация, аударма және жайлы орта да маңызды.

Мединалық туризм ел экономикасына да едәуір әсер етіп отыр. Статистикалық мәліметке сүйенсек, Астанаға келген әрбір турист орта есеппен күніне 230 доллар жұмсайды. Ал медициналық туристер бұл сомадан шамамен 10 есе артық шығын жасайды екен. Астаналық мамандар жылына 5000 науқасқа қызмет көрсетуге дайын. Бұл бағытта арнайы халықаралық сертификатталған 9 клиника жұмыс істейді. Соның бірі – Академик Батпенов атындағы ұлттық Травматология және ортопедия орталығы. Халықаралық стандартқа сай жабдықталған мекемеде роботтардың көмегімен ота жүргізіледі. Сондай-ақ «баға-сапа» арақатынасы шетелдік пациенттерді қызықтырып отырған көрінеді. 

Абылай Садықов, травматолог-ортопед:

-Қазіргі таңда көбіне Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінен, сонымен қатар Турциядан болды, өзіміздің қандас азамат Қытай Республикасынан келді. Және де Оңтүстік Кореядан. Айта кететін болсақ, салыстырмалы түрде Оңтүстік Кореяда эндопротездеу құны 18-25 мың АҚШ долларын құраса, Израильде 25-40 мың,  Германияда 30-50 мың АҚШ долларын құрайды. Қазақстан азаматтары үшін МӘМС жүйесі аясында операциялар тегін жүргізіледі. Шетелдік пациенттерге 5-6 мың АҚШ долларын құрайды.

Медициналық туризмді дамыту денсаулық сақтау жүйесі мен медициналық қызметтердің экспортына оң ықпал етеді. Сондай-ақ елімізді замануи технологиялық әрі білікті мамандары бар ел ретінде халықаралық орталыққа айналуына мүмкіндік бермек.

Құраалй Жұмахан, Азамат Сәметов