Шымкентте сирек кездесетін дертке операция жасалды

  • 8
  • 20.04.2026, 20:00

Шымкентте сирек кездесетін ми ауруына күрделі операция жасалды. 41 жастағы әйелге қойылған «мойя-мойя» диагнозын емдеу үшін шұғыл шешім қабылданып, миға қан жеткізудің жаңа мүмкіндіктері қарастырылды. Науқас оңалту кезеңінен өтіп, үйіне шығарылды.

Шолпан Бейсенбиева сирек кездесетін ауруынан құлантаза айықты. Операциядан кейін оның бас ауруы мен аяқ-қолының ұюы басылып, семіп қалған бет жүзіне қан жүрді. Ал дерт дер кезінде емделмесе, мүгедектікке шалдығуы мүмкін еді. Дерігерлер жоғары технологиялық операцияның арқасында бұл қауіптің алдын алды. 

Шолпан Бейсенбиева, қала тұрғыны:

- Қаңтар айының соңына қарай бір жақ бетім «парализовать» етті. Басымның қатты ауырғаны тоқтамады. Портал туралап, істеттім. Аллаға шүкір. Қазір жағдайым жақсы. Операциядан кейін бас аурулары болды шыдатпай. 

Нейрохирургиялық орталықта жасалған операция үш сағатқа созылды. Дәрігер Еркін Медетовтың жетекшілігімен науқастың бас миына қан жеткізудің айналма жолы жүргізіліп, тарылған тамырдың қызметі қалпына келтірілді. Бұл заманауи әдіс оның қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік берді. 

Еркін Медетов, қалалық №2 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Бұл ауру өте сирек кездесетін аурулардың бірі. Жылына Шымкент бойынша 2-3 жағдай ғана тіркеледі. Бұрында бұл ауру емделмейтін аурулардың қатарынан болып саналатын. Сондықтан көп науқастар қайталанушы инсульттың әсерінен мүгедектікке немесе қайтыс болып жататын. 

Былтыр Шымкентте 700-ге жуық нейрохирургиялық операция жасалды. Жоғары технологиялық оталар 70 миллион теңгеге дейін бағаланады. Алайда қала халқының 89% мұндай операцияларға, скринингтік тексерулер мен диагностикалық қызметтерге «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» есебінен тегін қол жеткізе алады. 

Сәуле Дүйсенбаева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының директоры:

- 2025 жылы Шымкент қаласы бойынша жоғары технологиялық операциялар 1200 жасалған. Бұған 5 миллиардқа жуық қаржы бөлінді. Жылдан-жылға қаламыздың кадрлық потенциалы және де материалдық-техникалық базасы, дәрігерлер біліктілігінің артуымен операциялар екі есе артып келеді.

Биыл нейрохирургиялық орталықта жасалатын операциялар түрін көбейту жоспарланып отыр. Осы мақсатта материалдық-техникалық база заманауи құрылғылармен толығып, мұрын арқылы мидағы ісіктерді алу және құрысу дертін емдеу әдістері енгізілмек. 

Нұрсұлатан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов