Бірінші маусымға дейін елдегі дәрілік заттардың бағасына дерегуляциялау жұмыстарын жүргізу аяқталуға тиіс. Ал шілдеге дейін дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар «бір терезе» қағидаты бойынша тіркелуі қажет. Осылайша, дәрілерді нарыққа шығару мерзімін қысқарту жолға қойылады. Тиісті тапсырманы Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне жүктеді. Олжас Бектенов жиында: «Фармацевтикалық өнім өндірісін ұлғайту, технологиялар трансфері және халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағыттарында мемлекет пен бизнес бірлесіп жұмыс істеуі керек», - деді. Сондай-ақ қосылған құн салығының бірыңғай жеңілдетілген мөлшерлемесін белгілеуді тапсырды.