Косметологиялық қызметке талап күшейеді

  • 7
  • 12.06.2026, 19:40

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2021-2025 жылдар аралығында эстетикалық медицина мен пластикалық хирургияға қатысты 244 шағым түскен. Азаматтардың өтінішіне орай Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті сұлулық субъектілеріне қатысты 92 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде лицензиясыз қызмет көрсету, анестезиология кезіндегі кемшіліктер, келісімді рәсімдеу қағидаларын бұзу анықталған. Осыған орай талап та күшейіп жатыр. Енді кез келген адам косметологиялық орталық аша алмайды. Сұлулық саласындағы қызмет көрсету тәртібі заңмен реттелмек. Клиникалар әр 5 жыл сайын лицензиясын жаңартып отыруы шарт. Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі заңға өзгеріс енгізу жұмыстарын пысықтап жатыр. Құжатқа тағы нендей толықтыраулар енгізілмек? Мамандар не дейді? 

Бізге өзін Жанар деп таныстырған бойжеткен 1 жыл бұрын косметология орталығына барып, бетін тартқызады. Процедурадан соң жағы ісіп, қызара бастайды. Уақыт өте бет пішіні өзгеріп кетеді. Қайда барып, құқын қорғарын білмей дал.

Жанар, қала тұрғыны:

- Не істерімді білмедім. Барынша өз косметологыма жазып көрдім. Ол кісі маған: «Кішкене шыдаңыз немесе кремдер жағып көріңіз», - деді. Ол кремдердің ешқайсы көмектеспеді. Бетімде проблема одан сайын көбейе берді. Бетім мүлдем өзгеріп кетті. Ассиметрия пайда болды. Сол кісіге барғаныма қатты өкінемін.

Өкінішке қарай, қара нарықтың құрбандары жетерлік. Өткен айдың өзінде екі өлім жағдайы тіркелді. Алматыдағы косметологиялық клиникалардың бірінде әйел адам жан тапсырса, кейін маңғыстаулық ер азаматтың пластикалық операция кезінде көз жұмғаны белгілі болды. Келеңсіз жайттардың алдын алу үшін мамандар заңға өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Жаңа тәртіп бойынша косметологиялық қызметті тек медициналық білімі мен тиісті сертификаты бар мамандар көрсете алады. Сонымен қатар косметологиялық клиникалар әр бес жыл сайын лицензиясын қайта алуға міндеттелмек.

Индира Құлқашева, косметолог:

- Бұл сала адамның денсаулығымен байланысты. Сондықтан бұл дұрыс шешім. Косметология орталықтары қазір көбейіп жатыр. Бірақ бәрі бірдей жақсы қызмет етіп жатқан жоқ. Бұл біріншіден, тәжірибесіз мамандардың жұмыс істеуі. Екіншіден, қысқа-қысқа курстар өтіп жұмысқа кірулері және де жұмыста сапасыз өнімдерді қолдануы деп ойлаймын.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде 295 клиника жұмыс істейді. Оның 240-тайы жекеменшік клиникалар. Мамандардың айтуынша, жаңа талаптар жауапкершілікті арттырып, сапасыз қызмет көрсететін орталықтардың санын азайтуға мүмкіндік береді.

Жандос Тұяқов, заңгер:

- Лицензия көп жағдайда қандай да бір косметологиялық ұйымға беріледі ғой. Ал бұл жерде аттестация өту мәселесінде қарастыру керек. Өйткені ол клиникада істейтін мамандардың біліктілігін қоса тексеріп отырған өте дұрыс деп санаймын. Ең басты мәселе, заңсыз косметологиямен айналысқан азаматтарға қатысты қылмыстық жауапкершілік болу тиіс деп санаймын. 

Бұл ретте халықтың да айтары бар. 

Блиц-сауалнама: 

- Косметолог эксперт ретінде жасап жатқан кісілер көп. Сондықтан баратын жасататын дүние үшін алдымен медициналық білімі бар ма, жоқ па соны біліп алу қажет сияқты.

- Косметологтарға толықтай қарсы емеспін. Егер олар талапқа сай білімді, әрқашан өздерінің кәсіби біліктерін жоғарлататын курстардан өтіп тұрса.

- Кез келген адам өзінің болмысымен жаратылысымен әдемі деп есептеймін. Айтарым, өздеріңізді сүйіңіздер

Ақбота Сағынбаева, тілші:

- Енді сұлулық саласында қолданылатын әр құралдың да, әр қозғалыстың да өз талабы болмақшы. Тіпті мына скальпельдің өзі белгіленген стандартқа сай болуы керек, ал оны ұстайтын маман білікті болуы шарт.

Ақбота Сағынбай, Азамат Сәметов