Астанадағы травматологиялық орталық жылына 11 мың ота жасайды

  • 10
  • 19.06.2026, 19:48

Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – Медицина қызметкерлерінің күні. Саладағы тәулік бойы жұмыс істейтін мекеменің бірі - Астанадағы травматология және ортопедия орталығы. Мұндағы мамандар жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер, жарақат алған спортшылар, қарттар мен балалар, жалпы бәріне көмек қолын созуға әзір.

Жыл сайын 11 мыңнан астам операция жасалады. Оның ішінде буындарды алмастыру секілді күрделі әрі жоғары технологиялық оталар бар. Олжас Бекарысов осы іске жетекшілік етіп жүргендердің бірі. Оның травматология, ортопедия және Қазақстанның медицина ғылымын дамытуға қосқан үлесі бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасы табысталды.

Олжас Бекарысов, Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры:

- Біз қазіргі уақытта травматологиялық көмек көрсету жүйесіне ауқымды реформа жүргізіп жатырмыз. Оның аясында өңірлік травматологиялық орталықтар, шалғай елді мекендерде тірек пункттері мен модульдік медициналық орталықтар құрылады. Мұның барлығы пациенттің көмекті уақытылы алуына мүмкіндік береді.