Қызылордалық медбике 30 жылда мыңдаған сәбиді емдеді

  • 12
  • 19.06.2026, 19:53

Денсаулық сақтау саласының дамуы жолында орта буын медицина мамандарының да еңбегі зор. Елімізде олардың қатары 200 мыңға жуықтайды.

Қызылорда облысындағы көпбейінді балалар ауруханасында 400-ге жуық медбике жұмыс істейді. Көпшілік оларды «ақ желеңді абзал жандар» деп атайды. Себебі мұнда түскендер мейірім мен шапағатқа зәру.

Әдетте қандай науқас болмасын ем-домынан гөрі дәрігерлердің мейірімінен жанына жылу алатыны анық. Соның ішінде сәбилер үшін ыстық ықыластың орны ерекше. Оларға ем-шара жасау үшін тек кәсіби маман болу жеткіліксіз, жан жылуы керек.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігер, медбикелеріне балалардың өмірі сеніп тапсырылған. Солардың бірі Роза Сақтапова 30 жылдан бері еңбек етеді. Осы уақыт ішінде оның алдынан мыңдаған сәби дертіне шипа тапты.

Роза Сақтапова, көпбейінді балалар ауруханасының медбикесі:

- Бұл жерге түскен балалармен жұмыс жасағанда біз олардың анасы да, әкесі де, тәтесі де боламыз. Балаларға ем-шара жасар алдында біз оларға барлық махаббатымызды бөліп, жанашырлықпен ем-шараны жөнді алуын қадағалаймыз. Балалардың тілімен сөйлесе аламыз. 

Аурухана тірлігі қашанда қарбаласқа толы. Әсіресе патология және жансақтау бөлімдерінің дәрігерлері ауыр да, жауапты жұмыс атқарады. Мұнда өмір үшін күрес күні-түні толастамайды. 

Гүлбаһар Сұлтанахметова, қала тұрғыны:

- Нәрестелер бөлімінде емделіп жатырмыз. Баламның жағдайы қатты ауыр болды. Қазір таңда балам жақсарды. Осындағы барлық медицина қызметкерлеріне, дәрігерлерге алғысым шексіз. 

Раушангүл Еламанова, көпбейінді балалар ауруханасының медбикесі:

- Бізге 1 жасқа дейінгі балалар да, 1 жастан 3 жасқа дейінгі балалар да қабылданады. Сондай-ақ жасөспірімдер, яғни 14 жасқа дейінгі балалар ем алады. Барлығына бірдей мейіріммен және қамқорлықпен қараймыз. Медбикелердің кәсіби біліктілігі өте жоғары болуы қажет. Сондықтан барлық медбикелеріміз жоғары санатты мамандар.

Қызылорда облысының медициналық мекемелерінде 3 мыңға жуық дәрігер мен 11 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың көзге көріне бермейтін қызметі адам өмірімен өлшенеді десек, артық айтқандық емес. Себебі жаның қиналып, жақының дертті болса, бассүйерің  осы ақхалатты абзал жандар екені анық.

Арыстанбек Кенже, Райхан Тәжібаева, Ақан Әлиев