Ұсақ-түйек заттардың әбігері. Алматыдағы балалар ауруханасында түйме, түйрегіш сында зат жұтып дәрігерлер көмегіне жүгінетін бүлдіршіндер саны азаймай тұр. Ақ халаттылардың айтуынша, олардың дені 3 жасқа толмаған балалар. Майда бұйымдардың кейбірі эндоскопиялық әдіспен алынса, күрделі жағдайларда хирургиялық ота жасауға тура келеді.
Бекзат Үшкемпір, тілші:
- Кілт, түйреуіш, тиын, ұсақ ойыншықтар мен батарея, бұның барлығы бүлдіршіндердің ішек құрлысы мен тыныс жолдарынан алынған. Өздеріңіз байқағандай бұл стенд балалардың ішінен шыққан ұсақ заттарға толы. Ал ақ халаттыларда алынған заттарды кері қайтармау деген қағида бар. Тек ол гауһартас секілді бағалы заттар болса ғана кері қайтарады екен.
Балалар ауруханасындағы мына тақта ата-аналарға: «Абай болыңыздар»,-деп ескертіп тұрғандай. Дәрігерлердің сөзінше, түйме, тиын мен бірнеше магнитті қатар жұту аса қауіпті екен. Олар өңеш пен ішекке зақым келтіріп, өмірге қауіп төндіретін асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан, балам бөгде затты аузына салып жіберді деген күдік туса, дереу дәрігерге қарату керек.
Мейіржан Құрманәлиев, балалар ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
- Бірінші келген кезде балада сілекейінің көп ағуы болуы мүмкін.Тамақ жеуінің дұрыс болмауы. Құсу белгілері болуы мүмкін. Соған байланысты біздің қалалық клиникалық аурухана жиырма төрт сағат жұмыс істейді. Келіп қаралып ол балаларға рентген диагностика жасалынады, эндоскопическая служба жұмыс істеп, бірден алып тастап көмек көрсетеді.
Дәрігерлерді алаңдататын тағы бір мәселе - тырнақ тістеу мен шаш жұту. Бүлдіршіндер абайсызда ауызға салып жіберсе, ересек жеткіншектердің арасында әдейілеп жұту кездеседі дейді. Психологтардың айтуынша, мұндай әдеттер көбіне күйзеліс, мазасыздық немесе эмоционалдық өзгерістермен байланысты екен.
Құралай Жақыпбек, қалалық психикалық сауықтыру орталығының учаскелік дәрігер-психиатры:
- Балалар арасында көбінесе мінез-құлықтық әдетке жатады. Көбінесе ішкі күйзеліс немесе ішкі эмоционалдық тұрақсыздық, ата-анасынан қолдау көрмесе. Сондай жағдайларда көбіне балалар осы тырнақ тістеуді, шаш тістеуді әдетке айналдырады. Ал онымен ата-анасы көңіл бөлінбей әрі қарай жұмыс жасалынбаса әдетке қалып қалады балада.
Жыл басынан бері балалар ауруханасына бөгде зат жұтып қойған жүзге жуық бүлдіршін жеткізілген. Олардың барлығына тиісті медициналық көмек көрсетілді. Ал дәрігерлер ата-аналарға ұсақ заттарды баланың қолы жетпейтін жерде сақтауға, сондай-ақ оның мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде назар аударуға кеңес береді.
Авторлар: Бекзат Үшкемпір, Сержан Жұмабаев.