Ақтөбе облысында аурухана құрылысы қашан аяқталады?

  • 5
  • 15.07.2026, 19:42

Ақтөбе облысындағы төрт аудандық ауруханаға қосымша ғимарат салынып жатыр. Шалқар, Мұғалжар және Хромтау аудандарындағы медицина мекемелері қайтарылған активтер есебінен тұрғызылса, Қарғалы аудандық ауруханасына жапсарлас ғимарат құрылысы облыстық бюджет есебінен жүргізілуде. Аталған нысандар жыл соңына дейін тапсырыла ма?  

Қарғалы аудандық ауруханасының жапсарлас ғимараты құрылысы аяқталуға жақын. Бір жыл бұрын іске кіріскен құрылысшылар қазір қосалқы әрі апатты жағдайда қолданылатын сатысын орнатып, айналасын абаттандыруға кіріскен.

Марат Сырлыбаев, құрылыс учаскесінің басшысы:

-Жабдықтарға келетін болсақ технологиялық жабдықтары мұнда көп қарастырылған. Рентген аппараттан бастап қан алатын аппараттарға дейін барлығы бар, барлығы келіп жатыр қазір. Бәрін біз қабылдап жатырмыз. Әр саланың рентгеннің, флюрографияның, УЗИ-дің мамандары өздері келіп, өздері орнатады. Келісімшарт бойынша солай қарастырылған.

Аудан орталығындағы медициналық мекеме қосалқы ғимаратқа мұқтаж еді. Себебі 1956 жылы салынған ескі аурухана заманауи талаптарға сай емес. 6 мыңдай тұрғыны бар Бадамша ауылы үшін 54 төсек-орынға шақталған стационар мен күніне 150 науқасты қабылдайтын емхана аздық етеді. Сондықтан консультативтік-диагностикалық орталық құрылысына облыс бюджетінен 979 млн теңге бөлінді. Мамандар мәселесі де шешімін тапқан.

Еркебұлан Әбдіғалиев, Қарғалы аудандық ауруханасының бас дәрігері:

-Қазіргі таңда Қарғалы ауданы бойынша барлық дәрігерлермен қамтамасыз етіліп, медициналық пункттерді медбикелермен қамтамасыз етілуі жүз пайыз. 2025 жылдың аяғында осы бітірген түлектер, мамандар келді. Бізге 7 маман келді. Осын ішінде екі жалпы тәжірибелік дәрігер келді. Акшер-гинеколог маманы келді, хирург маманы келді, акулист маманы келді, психиатр-нарколог маманы келді. Сол мамандар жаңа салынып жатқан ғимаратқа көшетін болады.

Қарғалы аудандық ауруханасының жаңа диагностикалық бөлімшесі рентген кабинеттері мен биохимиялық зертхана сияқты заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Медицина мекемесі тамыз айында тапсырылуы тиіс.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов