Атырауда биыл екі отбасылық-дәрігерлік амбулатория қолданысқа беріледі. Осылайша Қара депо және Көкарна шағынауданы тұрғындары үшін медициналық қызмет әлдеқайда қолжетімді болмақ. Қос нысанның құрылысына облыстық бюджеттен бір миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Қара депо шағынауданында 6 мыңға жуық адам тұрады. Мұнда медициналық нысан ешқашан болмағандықтан тұрғындарға ем-дом шараларын алу үшін көрші ауданға қатынауға тура келеді. Енді биылдан бастап Қара депоның өз емдеу мекемесі болады. Қазір жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы толық аяқталған.
Гүлнәфис Танбаева, «№7 қалалық емханасы» КМК директоры:
- Алғашқы тіркеу бөлімінен бастап барлық сол жерге тіркелген диспансерлік есептегі науқастарға, профилактикалық ем көрсетілетін, дүниеге келген балаларға вакцина салу және жүкті әйелдерді тіркеуге алу бойынша барлық медициналық қызметтер, скринингтен өту, соның барлығы көрсетіледі деген жоспарымызда бар.
Амбулаторияға қажетті құрал-жабдық жеткізілген. Екі ауысымда 50 адамға дейін қабылдайды. Күндізгі стационарлық ем қабылдау бөлмелері де қарастырылған.
Нұрболат Оразалин, мердігер:
- Амбулаторияда зертхана, физиотерапия, стоматология және гинекология кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар мүгедектігі бар жандарға қажетті жағдай жасалған. Ғимарат толық бейнебақылау жүйесіне қосылды. Қазір құжаттар рәсімделу үстінде.
Мұндай нысан орталықтан қашық орналасқан Көкарна шағынауданында да салынды. Оның да құрылысы аяқталып, тиісті құжаттары рәсімделіп жатыр.
Жалпы былтыр өңірде 7 медициналық нысан салынса, биыл 4 ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Ал 14 дәрігерлік амбулатория салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланған.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин