Елімізде ағзаларды трансплантациялау жүйесі дамып келеді. Соңғы жылдары мәйіттік донорлар саны төрт есе артса, мультиағзалық донор үш есеге өскен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мәлімдеді.
Бүгінде 4 мың 700-ден астам науқас ағза ауыстыру кезегінде тұр. Оның 125-і бала. Дені бүйрек трансплантациясына мұқтаж болса, 300-ге тарта азамат бауыр, 200-ден астамы жүрек донорлығына тәуелді. Былтыр 310 науқасқа ағза трансплантациясы жасалған.
Мэлс Асықбаеа, Ұлттық ғылыми онкология орталығының Ағза транспланттау секторының жетекшісі:
- Туыстық трансплантация арқылы қазіргі таңда күту парағында тұрған барлық пациенттерді толықтай трансплантациямен қамтамасыз ете алмаймыз. Яғни бүгінде донор тапшылығы мәселесі дүниежүзінде де өзекті болып отыр. Сондықтан бұл мәселені шешудің ең тиімді жолдарының бірі – мәйіттік трансплантацияны дамыту.