Алматылық дәрігерлер денесінің 89 пайызын күйік шалған ер адамды аман алып қалды. Оқиға осыдан бір ай бұрын болған. Үйінің ауласын тазалап жүрген Александр Артуков көп затпен бірге жатқан газ баллонын абайсызда отқа тастап жібереді. Салдарынан баллон жарылып, ер адам жансақтау бөлімінен бір-ақ шығады. №4 аурухананың дәрігерлері оның денесінің 15 пайызына от қатты тиген дейді. Сондай-ақ ол барожарақат алыпты. Ауыр күйік кезінде әр күн, тіпті әр сағат маңызды. Науқас үнемі бақылауда болып, денесінің жарақат алған бөліктерін қалпына келтіруге түрлі ем шаралары жүргізілген. Нәтижесінде жағдайы жақсарып, ауруханадан үйіне шығарылды.
Елдос Әлменов, қалалық №4 аурухана күйік бөлімінің меңгерушісі:
-Күйік 50% жоғары болса, ол өте ауыр деп есептеледі. Бұл жерде бізде 89% өте ауыр сирек кездесетін кейс десек те болады. Командалық жұмыстың әсерінен біз оң динамикалық нәтижеге жеттік деп ойлаймыз.
Александр Артуков, емделуші:
- Физикалық ауырсынуға шыдауға болады. Ең қиыны-эмоционалды жағынан қиын болды. Өз бетімше ештеңе істей алмадым. Дәрігерлер мен санитарлардың қолдауының арқасында барлығы жеңіл өтті.