ЖИ азаматтарды медициналық скринингке автоматты түрде шақырады

  • 7
  • 02.10.2026, 18:34

Жаңа жылдан бастап азаматтарды медициналық скринингтен өтуге жасанды интеллект шақыратын болады. Нақтырақ айтқанда, ақылды жүйе тексерілу санатына жататындарға автоматты түрде хабарлама жібереді. Ал жыл соңына дейін 3800 медицина қызметкеріне смарт-бейнежетон берілетін болыпты..

Жауаптылар бір камера арқылы бірнеше мәселені шешуді мақсат етіп отыр. Атап айтсақ, дәрігердің қауіпсіздігі, оның қызмет көрсету сапасын арттыру және дәрі-дәрмекті бақылау.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Соңғы жылдары дәрігерлерге күш көрсету, дене жарақатын салу оқиғалары жиі тіркелгені естеріңізде шығар. Ең көп зардап шеккендер – жедел жәрдем қызметкерлері. Смарт-бейнежетондарды ең алдымен соларға беру көзделуде. Осылайша олардың айналасында болып жатқан барлық әрекет жазылады және қажеттілік туындаса, полиция көмекке келеді. Камераның тағы екі міндеті бар. Олар – науқастарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және дәрі-дәрмекті, соның ішінде екпелердің арнайы температура мен уақыт режимінде жеткізілуін бақылау. Алғашқы кезеңде 3800 құрылғы алынады. Негізі медицина қызметкерлері камераны бұған дейін де қолданған. Олар телемедицина кабинеттерінде тұр. Тек биылдың өзінде ол арқылы еліміз бойынша 1 миллионнан астам телеконсультация өткізілген. Ал 2,1 миллион адам қашықтан медициналық қызмет алған. Оның 39%-ы – ауыл тұрғындары. Бұл қатарда Қарағанды облысы белсенді өңірлердің бірі.

Айжан Нұрғалиева, денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Бүгінгі таңда телемедициналық технологияларды пайдалану арқылы 2219 пациент тексеріліп, 18 мыңнан астам зерттеу жүргізілді. Тексеру нәтижесінде 71 адам алғаш рет диспансерлік есепке алынды. 81 пациент қажетті ем алды. Тағы мыңға жуық адамға консультативтік-диагностикалық көмек көрсетілді.

Медицинаны цифрландыру түрлі бағытта жүргізілуде. Мәселен, дәрігерге онлайн жазылу қызметін 5,6 миллион адам пайдаланыпты. Жалпы ақылды жүйелер барлық азаматқа талдау жасауда. Сол арқылы көлік құралдарын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтар анықталған. Бүгінге дейін 10 мың жүргізушінің куәлігін қолдану тоқтатылды. «Бұл – түрлі ақпараттық жүйелерді біріктірудің нәтижесі», - дейді мамандар.

Ербол Оспанов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

– Бұл – e-Densaulyq. Оның 7 компоненті бар. Оның 5-еуі бүгінде қосылды, жұмыс істеп жатыр. Екеуін жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.

Ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы бір қызмет цифрлық жүйеге көшеді. Жасанды интеллект көмегімен скринингтен өту мерзімі келген азаматтарға автоматты түрде хабарлама жіберу жоспарланып отыр. Бұл – тексеруден уақытылы өту және қауіпті ауруларды ерте анықтау үшін маңызды.