Павлодар облысында 200-ден астам адам донорлық ағза кезегінде тұр

  • 0
  • 08.10.2026, 18:48

Павлодар облысында 200-ден астам адам ағза трансплантациясына мұқтаж. Басым бөлігіне донорлық бүйрек қажет. Науқастардың арасында балалар да бар. Кейбірі қажетті ағзаны жылдар бойы күтеді. Осы уақыт ішінде олар тұрақты ем қабылдап, денсаулығын бақылауда ұстауы керек.

Евгения Юнышева бүйрек ауыстыру бойынша кезек парағында тұр. 5 жылдан бері гемодиализге тәуелді. Апта сайын орталыққа келіп, сағаттап ем алудың оңай еместігін айтады.

Евгения Юнышева, қала тұрғыны:

- Донор мәселесі өте қиын. Адамдардың оған көзқарасы да әртүрлі. Көпшілігі үзілді-кесілді қарсы. Әртүрлі нұсқаларды қарастырдық. Туыстарымның ағзасын алу жағын да ойладық. Бірақ бұл жағынан да қиындықтар болды. Емге қажетті қаражаттың көлемі аз аз емес.  Адамдар оны жылдап жинайды. Сондықтан қазір барға қанағат етіп, үмітімді үзбей отырмын.

Өңірде Евгения сияқты тағы 400-ден астам адам бар. Бәрі тұрақты түрде гемодиализбен қанын тазартып отырады.  Олардың жартысынан астамына бүйрек ауыстыру керек. Алайда, донордың табылуы қиын. Әрі денсаулығына байланысты мұндай отаны барлығына бірдей жасауға болмайды. 

Амангелді Қасенов, Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы гемодиализ қызметінің үйлестірушісі:

- Осындай жасанды бүйректің арқасында өмір сүріп жатқан адамдардың айтайық жасы 18-ден 75 жасқа дейін бар. Он сегіз, жиырманың ішінде, отыздың ішінде, қырықтың ішінде бар. Мысалы, сондай адамдарға басқаның бүйрегін салса, олардың өмірі ұзарады және жақсарады.

Елімізде бес мыңнан астам адам ағза трансплантациясын күтіп отыр. Алайда мұндай операция уақытында жасала қоймайды.  Донорлыққа қатысты түсініспеушілік пен күмән көп. Әсіресе, мәйіттік донор мәселесі өзекті.  Көзі тірісінде донорлыққа келісімі болмаса, өмірден озған адамның ағзасын беруге көбінде туыстары дайын емес. Ал, шешімді солар қабылдайды. Бұл заңмен бекітілген.

Рүстем Омаров, Павлодар облысы бойынша трансплантация жөніндегі үйлестіруші:

- Кез келген адам eGov жүйесі арқылы донор болуға келісім бере алады немесе бас тарта алады. Қажет болса, бұл шешімді кейін өзгертуге де болады. Ең бастысы – адамның жеке шешіміне ешкім араласып, оны мәжбүрлемейді. Бір донордың ағзалары кемінде бес адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Атап айтқанда, бауыр, бүйрек, жүрек, өкпе және көздің қасаң қабығы басқа науқастарға салынады.

Өңірде бұған дейін ағза ауыстыру операциялары сәтті жасалды. Мәселен, былтыр екі тұрғынға қайтыс болған донордың бүйрегі салынды. Ал, биыл 39 жастағы павлодардық марқұм әйелдің ағзалары еліміздегі бірнеше адамға  өмір сыйлады. Дегенмен донор болғысы келетіндер әлі аз. Облыста 500-ден астам адам ғана ресми келісімін берсе, 7 мыңнан астамы бас тартқан.

Авторлар: Аснурия Абдулла, Валентина Леонова, Даулет Қошқарбаев.