Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Таразда елдегі алғашқы құзыреттілік орталығы ашылды

  • 0
  • 12.11.2026, 18:10

Таразда елдегі алғашқы құзыреттілік орталығы ашылды. Мекеме облыстық көпбейінді ауруханасында орналасқан. Медициналық ұйымда созылмалы және сирек кездесетін ауруларға шалдыққан науқастарға көмек көрсетіледі. Енді науқастар сегіз маманның көмегін бір жерден алу мүмкіндігіне ие болмақ.

Орталықты жөндеп, заманауи медициналық құрылғылармен жабдықтауға 200 миллион теңге жұмсалған. Дәрігерлер күніне 150 науқасқа медициналық көмек көрсетеді. Мұнда эндокринолог, кардиолог, невропатолог, гастроэнтеролог сияқты білікті дәрігерлер бар. Сонымен қатар аритмология, қан тамырлары хирургиясы және диабеттік табан кабинеттері жұмыс істейді. Арнайы зерттеу және емшара бөлмелерінде ішек, жүйке жүйесі мен сирек кездесетін ауруларды анықтап емдейді.

Марат Жұманқұлов, облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері:

– Бұл орталықта 8 маман жұмыс істейді. Мұнда ең қажетті мамандар шоғырланған. Сонымен қатар телемедициналық қызмет те бар. Яғни орталық шалғайда орналасқан ауылдармен байланысқа шығып, пациенттерге кеңес бере алады. Бұл – медицинаның сапасын жақсартуға бағытталған шара. Яғни пациент бір жерге келіп, бір маманның қабылдауынан өтеді, қажетті зерттеулерді тапсырады және бір жерден диагнозын алып шығады.

Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – ауруларды ерте анықтап, асқынудың алдын алу. Әсіресе қант диабетімен ауыратын науқастарға ерекше көңіл бөлінеді. Дәрігерлер диабеттік табан белгілерін дер кезінде анықтап, аяқ-қолды ампутациялауға дейін жеткізетін асқынулардың алдын алмақ.

Арайлым Демекова, гематология бөлімінің меңгерушісі:

- Қандай да бір өзгеріс болатын болса, бізде «миелограмма» деп аталатын талдау бар. Осы талдауды орталықта жасап, нәтижесін анықтап, келесі күні науқасқа диагноз қоя аламыз. Сонымен қатар цифрлық зертханалық микроскоп сатып алдық. Бұрын лаборант-дәрігерлер зерттеуді микроскоп арқылы қарайтын болса, қазіргі таңда оның нәтижесін экраннан да көруге болады. Бұл дәрігерлер үшін үлкен мүмкіндік әрі артықшылық.

Құзыреттілік орталықта шалғай аудандардағы медицина ұйымдарымен де байланыс жолға қойылған. Дәрігерлер күрделі жағдайларды онлайн талқылап, әріптестеріне кеңес береді.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан