Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Жеті жылда 1200-ден астам медициналық нысан салынды

  • 0
  • 12.11.2026, 18:15

Елде кейінгі жеті жылда 1 мың 200-ден астам медициналық нысан салынды. Нәтижесінде 1 миллионға жуық ауыл тұрғыны сапалы медициналық көмекпен қамтылды. Жаңа нысандардың шамамен 95 пайызы дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер. Алдағы 4 жылда тозығы жеткен ғимараттардың санын 30 пайызға дейін азайту көзделіп отыр екен. Қай бағытқа басымдық берілмек? 

Құралай Жұмахан, тілші:

- Негізгі басымдық медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуға беріліп отыр. Баса айта кеткім кеп тұрғаны 200-ден астам ауыл алғаш рет өз медициналық ұйымдарына ие болып отыр. 

Ата Заңда «ҚР азаматтары заңда белгіленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы» деген арнайы бап бар. Яғни мемлекет кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмек береді. Мәселен, биыл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыруға 1,6 трлн теңге, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 1,7 трлн теңге бөлінген. Осынша қаржы бөлінуі бөлініп отыр. Ал ол қандай мақсатқа жұмсалып жатыр?

Ерік Байжүнісов, Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының басқарма төрағасы:

– Республика бойынша 1263 аурухана мен нысандар қызметке қосылды. 20 шақты перинаталдық орталықтар жөнделіп, жаңартылды. Алматыда үлкен 500 төсекті балалар ауруханасы салынғалы жатыр. Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық ашылды.

Исламбек Лаисканов, кардиолог-дәрігер, UMC «Жүрек орталығы» қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

– Барлық жоғары деңгейдегі жүрек операцияларын бүкіл Қазақстан азаматы тегін ала алады. Жүрек орталығымызда жылына 1800-дей ашық оталар жасалады, 12000-ға жуық интервенционды оталар жасалады.

Иә, диабет, онкология, туберкулез және басқа да кең таралған сырқат түрлеріне елімізде тегін ем жасалады. Науқастарға тегін дәрі-дәрмек те беріледі. Ол үшін соңғы 7 жылда 1,3 трлн теңге бөлінген. Ал ел азаматтарын толығымен тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мүмкін бе?

Ерік Байжүнісов, Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының басқарма төрағасы:

– Кез келген мемлекет азаматтарын толығымен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндігі келмейді. Айта кететін жайт, осыдан 7 жыл бұрын осы салаға 85 млрд теңге жұмсалған болса, қазір 300 млрд-қа жақындап қалды. Тегін дәрі алып отырған азаматтар саны қазір 3 млн-ға жақындады.

Емдеу мекемелеріне қатысты мәліметке де тоқтала кетсек. 2019-шы жылдан бері 1200-ден астам медициналық нысан бой көтерді. Атап айтсақ, 32 аурухана, 19 емхана мен мыңнан астам медициналық бөлімше ел игілігіне тапсырылыпты.

«Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының арқасында ауыл-аймақтағы ғимараттар да жаңғыртылып жатыр. Тек Шығыс Қазақстанда соңғы үш жылда 36 нысан бой көтерген. Риддер қаласында былтыр жаңа аурухана қолданысқа берілсе, Өскеменде жақында елімізде теңдесі жоқ гематология орталығы ашылыпты. 

Светлана Шмурыгина, ШҚО қан орталығының директоры:

– Бұл медициналық кешен толық қуатпен жұмыс істеген кезде өлкеде қан ауруларына байланысты көп мәселе шешіледі. Ең бастысы, сырқаттар енді Астанаға сабылмай, осы жергілікті жерден ем қабылдай алады. Иә, халық саулығын жақсартуда ілкімді істер баршылық. Ал бұл шаралар азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығына да әсер еткен сыңайлы. Мамандардың айтуынша, өмір сүру ұзақтығы 2021 жылдан бері 5,6 жылға өсіп, 76 жасқа жеткен екен.