Хабар телеарнасы

Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру штабының отырысы өтті

Бүгінгі жағдай бойынша елдің 67% аумағын қар басқан. Бұл жөнінде тасқынға қарсы шараларды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб отырысында айтылды. 

Экология және табиғи ресурстар министрі Үкімет басшысына қазіргі ахуалды баяндады. Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қазірдің өзінде қар ери бастаған. Ал солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және еліміздің орталығында жердің тоңы әлі қалың. Мәселен, Қостанай өңірінде жердің тоңы 150 см тереңдікке дейін барады. Ақмолада – 139, Павлодар облысында – 159, Қарағанды аймағында 132 см-ге дейін жетеді. Наурыз-сәуір айлары жылы болады деген болжам бар. Жауын-шашын да көп түседі. Ал бұл су тасқыны қаупін арттырады. 

Премьер-министр Олжас Бектенов уәкілетті органдарға Ақмола, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының су тасу қаупі бар елді мекендерді аралап, шұғыл шаралар қолдануды тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Елді мекендерді су шайып кетпеу үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдауы тиіс. Су өткізу құрылыстары, көпірлер мен тюбингтер мұз бен қоқыстардан тазартылып, еріген сулардың өтуіне дайын болуы тиіс. Суға кету бейім елді мекендерде күштер мен құралдарды, оның ішінде тиісті техниканы топтастырып, дайындау қажет. Эвакуациялау орындары анықталсын.