Маңғыстау облысында Tazalaik Fest акциясы өтті

  • 79
  • 21.04.2025, 18:33

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында Tazalaik Fest акциясы өтті.

Таңсәріден коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері мен аудан халқы 11 аумақта санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Бір күнде 40 тонна қоқыс жиналып, 8 жүк көлігімен арнайы полигонға тасылды. Сондай-ақ Маңғыстау ауылындағы орталық саябақ пен көше жолдарының жиегіне 145 тал көшеті егілді. Көпшілік ағаштардың түбін әктеп, жас шыбықтарды суарды. 

Шапай Әбілов, Мұнайлы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүргізіліп жатқан көгалдандыру жұмыстары — халқымыз бен еліміздегі жастарға үлгі боларлық іс. Бұл — аталған акциядағы тапсырмаларды жүзеге асыру бағытындағы маңызды қадам. Осы егілген ағаштарымызды келешекте суарып, соның көгеруін қадағалап, көгалдандыру жұмыстары одан әрі жалғаса берсін деп тілейміз.