«Таза Қазақстан»: Биыл 1,7 млн ағаш егіліп, 121 мың тонна қалдық жиналды

  • 136
  • 03.06.2025, 18:40

Елімізде былтырдан бері ауқымды экологиялық акция жалғасын тауып келеді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында биылғы 5 айда 121 мың тоннадан астам қалдық жиналып, 600 мың гектар аумақ тазартылыпты. Су айдындарын тазалау кезінде 342 балық аулау торы жиналды, 21 бұлақ көзі ашылды. Мектеп оқушылары болса, 1 мың 982 құс ұясын орнатыпты. Осынау игі бастамалар табиғатты қорғауға қаншалықты оң әсер етпек? Экологиялық сананы қалай қалыптастырамыз? 

Құралай Жұмахан, тілші:

- Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» акциясы табиғатты қорғаудағы бірегей жоба. Акция аясында жыл басынан бүгінге дейін 1 млн 700 мың ағаш егілген. Іс-шараға 1,5 млн-ға жуық адам қатысты. 

Гаухар Нағызбай, ҚР Экология министрлігі баспасөз қызметінің бас сарапшысы:

- Оның ішінде 80 мыңнан астамы еріктілер. Ортақ еңбек нәтижесінде 120 мың тоннадан астам қалдық жиналып, 600 мың гектарға жуық аймақ тазартылды. Өңірлерде елді мекендерді көгалдандыру бойынша «Жасыл аула», «Қалаға ағаш», «Болашақты бірге отырғызайық», тағы басқа да акциялар ұйымдастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тазалық – мән-мағынасы өте терең, киелі ұғым. Таза болу дегеніміз – ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау деген сөз. Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталу керек. 

Қазақ дәстүрінде «Жер–Ана» деген егіз ұғым бар. Жерді анасындай қастерлеген халқымыз ежелден табиғатты пір тұтқан. «Көкті жұлма», «Бір тал кессең, он тал ек», «Судың да сұрауы бар» деген ырымдардың өзі экологиялық мәдениетті қалыптастырудың өзегі болған. 

Қайрат Мәсенов, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ басқарма басшысы:

- Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Францияда экологияны оқыту негізгі заңында бекітілген. Германияны қарасақ, әлемдегі қоқыс тазалау, оны өңдеу, сұрыптау бойынша ең үздік елдердің біріне кіреді. Яғни біз де сол халықаралық тәжірибені ала отырып, еліміздің қоршаған ортасын қалпына келтіреміз деген үміт бар.  

Биыл 21–23 сәуір аралығында Астанада ел Президентінің қатысуымен «Таза Қазақстан» экофестивалі өтті. Көрме алаңында қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату жобалары, ірі өнеркәсіптік компаниялардың бастамалары, мектеп оқушыларының экологиялық жобалары таныстырылды.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында халықпен кері байланыс орнату мақсатында Telegram-да чат-бот жұмыс істеп тұр. Бұл чат-бот арқылы әрбір азамат ластанған аумақтың фотосын және геолокациясын жолдай алады. Өтінімдер автоматты түрде тиісті органдарға жіберіледі.

Таңсұлу Омарова, Ландшафт дизайнері:

- Биыл Президентіміз айтқандай, мамандандырылған жұмысшылар жылы ғой. Еңбек адамын бағалап жатқанына рақмет айтамыз. 14-15 жылдан бері жұмыс істеймін. Табиғатты мен бала кезімнен жақсы көрем. «Таза Қазақстан» жобасы өте жақсы бастама. Табиғатқа құрметпен қарайық, күл-қоқыс тастамайық. 

Құралай Жұмахан, тілші:

- Адам сәбиін қалай әлпештеп аяласа, табиғат та сондай күтімді қажет етеді. Ендеше сөзімді Мемлекет басшысының мына айтқанымен түйіндегім кеп тұр: «Таза Қазақстан» — бір күндік науқан емес, бұл – біздің өмір салтымыз».

Құралай Жұмахан, Айбек Ақшолақов