Ұлытауда геосаябақ құрылды

  • 73
  • 06.06.2025, 18:47

Бұл Қазақстанда облыстық деңгейде құрылған алғашқы мекеме. Әзірге ол тарихи орындарға бай Ұлытау ауданы аумағын қамтиды. Болашақта ерекше мәртебеге ие аумаққа Жаңаарқа даласы да енуі мүмкін. Қазір өңір басшылығы геосаябақты ЮНЕСКО-ның ғаламдық геопарктер желісіне қосу үшін жол картасын әзірлеп жатыр. 

Ұлытау даласында мемлекет қорғауына алынбаған ерекше орындар көп. Солардың бірі Торғай өңірімен шектесер аумақта жатқан Ақжар таулары. Геологтардың айтуынша, түрлі-түсті жер қыртысы 200 млн жыл бұрын қалыптасқан. Геосаябақ аумағына бірінші кезекте осы жерлер енгізілді. Өйткені шалғайдағы ғажайып мекеннің насихаты төмен. Жоба жетекшілерінің бірі Бақтияр Қожахметов арнайы мәртебеге ие болған аумақтар болашақта туризмнің орталығына айналады, - дейді. 

Бақтияр Қожахметов, өлкетанушы:

- Геопарк дегеніміз тек геологиялық парк емес екенін түсінуіміз керек. Бұл жерде «гео» дегеніміз жер деген сөз, яғни жерге қатысты парк. Бұл геопарктің ерекшелігі бұл жерде шектеу жоқ. Туристерді көбірек тартып, насихаттап туризм кластерін дамытуға мүмкіншілік бар. 

Геосаябақ әзірге Жезді музейі жанында жұмыс істейді. Штаты бекіп, қаржыландыру көздері нақтыланды. Қазірдің өзінде ірі компаниялар мен кәсіпкерлер тарапынан геопарк аумағына инвестиция салып, демеушілік танытуға ұсыныстар түскен. 

Данияр Арынғазин, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:

- Концепциясында бұл тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, сонымен қатар туристік әлеуетін дамыту. Инвестициялық жобаларды іске асырып, қонақүйлер салуға, сонымен қатар тиісті демалыс орындарын ашуға біздің кәсіпкерлерімізге, шағын және орта бизнеске сондай мүмкіншілік береді. 

Былтыр өңірге өзге облыстар мен шет елдерден 30 мыңнан астам турист келген. Геосаябақтың құрылуы бұл көрсеткіштің еселеп артуына сеп болады, - дейді мамандар. Себебі қазірдің өзінде туризм кластеріне тартылған инвестиция өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейді. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев