Қазақстан мен Өзбекстан Арал табанына сексеуіл егу бойынша бірлескен жоба әзірлемек

  • 289
  • 09.06.2025, 18:44

Қазақстан мен Өзбекстан Арал теңізінің кепкен табанына сексеуіл егу бойынша бірлескен жоба әзірлейді. Бүгінге дейін Аралдың Өзбекстан аумағындағы 2 миллион гектар жерге сексеуіл егілген. Бұл жоба шаң мен сордың көкке көтерілуін 40% тежеген. 2030 жылға қарай теңіз табанының 78% жасыл-желекке айналдыру көзделіп отыр. Экологиясы күрделі аймақта құрғаған теңізден ұшқан тұз құммен араласып, дүлей дауылға айналады. Осыған байланысты Қазақстан мен Өзбекстанда кешенді орман өсіру жобасын қолға алу жоспарланып отыр. Көршіміз бұл істе түрлі тәжірибені сынап көрген. Экологиялық аймақта ауыл шаруашылық саласын дамытуға күш салып жатыр. Тіпті ара өсіру жайын да қарастырыпты. Айдынды суға толтыру сағымға айналғанымен, бос алқапты кәдеге жаратып, ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар. 

Лейли Сеитова, Қарақалпақстанның экология министрі:

-Өзбекстан аумағындағы Арал табанының 2 млн гектарына сексеуіл отырғызылды. Бұл 2018 жылы басталған жоба. Атқарылған жұмыс жақсы нәтиже бере бастады. Алғашқы уақытта сексеуіл жерден көтерілетін 15-18% тұз бен шаңды ұстап қалады деген болжам жасалған. Дегенмен нәтиже алдын ала есептеуден асып түсті. Яғни сексеуіл 35-40% жуық шаң мен сордың көкке көтерілуін тежеп жатыр.