Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жасыл желек қорының күтімін бақылау ісі цифрландырылып жатыр. Оның аясында, әр ағаш пен бұтаға QR код қойылады. Қазірдің өзінде қаладағы ғашықтар саябағы, Жастар саябағы және «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы жанындағы шағын саябақтағы 150 түп ағаштың төлқұжаты бар. Бұл іске агроном, дендролог, програмистер тартылған және жұмыс 4-5 жылға созылуы мүмкін. Жоспар бойынша қаладағы қоғамдық орындар мен гүлзарлар, тіпті көше бойындағы жасыл желекті толық қамту көзделіп отыр. Тың тәжірибені ел аумағына тарату да көзделген.
Гүлнұр Имамбекова, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС ландшафтық дизайн және сәулет орталығының жетекшісі :
-Әр ағашқа QR-код қойылады. Ол талдың түрін, отырғызылған күнін, тарихын, жасын және суарылған уақытын көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ топырақ құрамындағы алғалдылық туралы да ақпарат алу жағын ойластырып жатырмыз. Бұл жүйе қаладағы жасыл желек қорын сақтауға жағдай жасайды. Оның күтімін бақылай аламыз.