Былтыр ғарыштан жүргізілген бақылау нәтижесінде 130-дан астам рұқсат етілмеген қоқыс алаңы анықталған. Оның басым бөлігі әуежайға барар жолдың қос қапталында және жаңадан бой көтеріп жатқан Батыс ауданда шоғырланған. Бүгінге дейін соның небәрі 8-і ғана жойылған.
Экология департаменті жауапты мамандарға жұмысты ширату жөнінде кезекті рет ескерту берді. Алайда әкімдік өкілдері: «бейберекет шашылған қоқысты биыл толық жинап үлгермейміз», - дейді.
Шабдан Тынымбаев, Экология департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:
- Жол картасы жасалған болатын. Ол 24-ші жылы жасалған. Онда заңсыз қоқыстарды жою туралы тиісті уақыттары көрсетілген. Бірақ өкінішке қарай 24-ші жылы бұл тапсырма орындалмады. Заңсыз тасталған қоқыстардың уақытылы алынбауына байланысты лауазымды тұлғаларға, ЖКХ бөлімінің басшыларына тиісті айыппұл салынып, өндіріп алынды.
Әділ Темоханов, қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы:
- Ағымдағы жылы қаламыздағы рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарын тазалауға 27 млн теңге ақша бөлінді. Жылдың аяғына дейін 50-ге жуық қоқыс алаңын тазартамыз деген ойдамыз. Биыл бітпейді. Қалғанын келесі жылы қарастыратын боламыз