Бюджет қаражатын игермегені және көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін 73 лауазымды тұлға жауапқа тартылғанымен республикалық бюджеттің орындалуы біраз сұрақ туғызды.
Парламент палаталары бірлескен отырыс өткізді. Іргелі жиынға есеп комитеті де бас қосты. Республикалық бюджетке 20 трлн теңгеге жуық кіріс түскенімен, шығын көп және оның дені стратегиялық мақсаттардан көрі кезек күттірмей қазір шешілуі тиіс мәселелерден артылмай жатыр.
Республикалық бюджетті ең маңызды құжатқа телісек болады. Ол ұлттық экономикадан бастап әрбір ел тұрғынының күнделікті өміріне ықпал ететін өлшем.
Қаржы министрі баяндағандай, негізгі көрсеткіштер былай. ЖІӨ көлемі биылғы бес айда 6 пайызға өскен. Инфляция деңгейі 9,8-ден төмендеп, 8,6 пайызды көрсетіп тұр. Мемлекеттік борыш 32 трлн теңгеге жуықтаса, Ұлттық қор активтері 66 млрд доллардан асқан. Республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне 196 трлн теңге түсім түсіп, шығыс бөлігі 23,6 трлн-ды құрады. Яғни бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгені құрайды.
Депутаттар қазіргі бюджет шығыны өскенімен, әлгі 24 трлн-ға жуық сома бүгінгі мәселені ғана шешуге кетіп жатқандығын алға тартты.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бюджеттің атқарылуы стратегиялық міндеттерді шешуге емес, бюджеттің жыртығын жабуға бағытталуда. Құрметті Олжас Абайұлы, Үкімет бюджеттің жыртығын жамауды тоқтатып, ұлттық өркендеуге қашан көшеді? Тым болмаса, мемлекет қаржысын қалай тұрақтандырасыздар?
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
– Біріншіден айтатыным, Мемлекет өз міндеттемелерін толық көлемде орындап жатыр. Орындайды да. Жалпы экономикалық ахуал тұрақты. Бірақ сіз айтып өткен мәселелер жоқ емес. Ол өздеріңіз білетіндей, бір күнде пайда болған проблемалар емес. Бірнеше жылдар бойы қалыптасып жатқан проблема. Жаңа Салық кодексінің арқасында біз келесі жылдан бастап республикалық бюджетке қосымша шамамен 3 трлн-нан астам түсімдер түседі деп есептейміз. Бұл қаржының барлығы тек даму мақсаттарына бағытталатын болады.
Үкімет басшысы атап өткендей, ұлттық өркендеу – ірі инфрақұрылымдық нысандарды іске қосу, электр қуат көздерін, автомобиль және теміржол жолдарының желісін дамыту, инженерлік желілерді жаңғырту сияқты маңызды міндеттерді шешу.
- Қазір біз келесі үш жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын Үкіметте дайындап жатырмыз. Өте қызу жұмыс жүріп жатыр. Алдын ала айтатыным, біз 2026 жылы бюджет тапшылығын қазіргі 2,7%-дан 2,5%-ға дейін төмендетеміз деген жоспарымыз бар. 2027 жылы 1,8%-ға дейін, 2028 жылы 1,4 %-ға дейін бюджет тапшылығын төмендетеміз деген жоспар бар.
Мәжілісмен Елнұр Бейсембаев азық- түлік пен көкөністің қымбаттауын алға тартты. Елде орташа жалақы 423 мың теңге деген тұжырымға күмән келтірді. 3 млн адамның айлығы 200 мыңның арғы-бергі жағы болса, 1,800 млн адам әлі 85 мың айлыққа күнелтіп отыр деді. Тағы бір мәселе – Ұлттық қордың ақшасы.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Президенттің қатаң ескертуіне қарамастан, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордан бюджетті толтыру үшін 5,6 трлн теңге алынса, биыл тағы 5,3 трлн жаратылады. Яғни бюджеттің 25 процентін Ұлттық қор арқылы толтырудамыз. Бұл қауіпті әрі оны жақын арада тоқтату мүмкін емес үрдіске айналды.
Депутаттар тарапынан көп сын айтылды. Тіпті келешегіміз қалай болмақ деген күпті ойдан көптің көңілінде қаяу түскендей де болып еді. Бірақ Премьер-министр сенімді сөйледі, көпшілікті де сендірді. Банктердің бизнесті несиелеу үлесі артып келеді.
Бәйтерек арқылы биыл 4 трлн-ның орнына 8 трлн теңге ұлттық экономикаға инвестиция салынады. 2023 жылдан бері «Тарифті инвестицияға алмастыру» саясаты негізінде коммуналдық салаға 600 млрд-тан астам қаражат тартылған.
«Елде өңдеуші өнеркәсіп өсіп келеді. Жаңа бағыт – қоры өте мол көмірден жүздеген басқа өнімдер алуға болады. Көмір химиясына инвесторлар келеміз деп ақшаларын шытырлатып санап отыр», - деді Премьер. Ірі индустриалдық жобалар да алдағы уақытта нәтижелерін бере бастауы тиіс. Тағы бір ақжолтай жаңалық. Мемлекет ішіндегі мемлекетке телінетін квазимемлекеттік сектор компаниялары ендігіде депутаттарға есеп беретін болды.
Әлішер Сатыбалдиев, ҚР Парламент Сенатының депутаты:
- Қолдап, дауыс бердік, тағы бұл жұмыстың барысын көретін боламыз. 2025 жылы атқарылған жұмыстардың барысы бойынша да бағамызды беретін боламыз.
Әсем Рахметова, ҚР Парламент Сенатының депутаты:
- Бюджет жан-жақты талқыланды. Біраз дүниелер айтылды. Кемшіліктер де бар. Жетістіктеріміз де бар. Сондықтан да бұл жерде нақты бір жұмыстың көрінісі болды деймін. Ең бастысы, ашықтық бар. Үкімет те өз тарапынан барлық сындарды қабылдап отыр.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Республикалық бюджетті талқылау мәселесіндегі Парламент пен Үкіметтің қарым-қатынасы отбасыдағы жағдайға ұқсайды. Ақша таппайсың деп әйелі сөйлейді, айға бата жасап жүрген жоқпын деп күйеуі ақталады. Тараптар былай тартады, былай тартады, бір біріне базына айтады. Ақыр соңында тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады, бірігіп амалдайық деген пайыммен тоқталады.