«Таза Қазақстан»: Қалдықты қайта өңдеу үшін 62 жоба мақұлданды

  • 30
  • 25.06.2025, 18:30

Елімізде жыл сайын 4,5 миллион тонна көлемінде коммуналдық қалдық жиналады. Ал оны қайта өңдеу жағы кемшін. Тек былтырдың өзінде 25 пайыз болған. Енді ондаған жобаны іске асыру міндеті тұр.

Бұл туралы Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру барысына арналған Үкімет отырысында айтылды. 

«Таза Қазақстан» – қоғамға қозғау салған ауқымды акция. Бастысы ел тұрғындарының табиғатқа жанашырлықпен қарауын қалыптастырып, экологиялық мәселені шешуге белсенді қатысуына ықпал етті. Тың бастаманы іске асыруға 2 млн-ға жуық адам үлес қосса, оның 156 мыңы ерікті. Ал акция аясында 189 мың тоннаға жуық қалдық жиналып, 2 млн-нан астам ағаш отырғызылды. Қалдықтарды қайта өңдеу үшін 62 жоба мақұлданған. Бұл өңдеу қуатын жылына 1,1 млн тоннаға арттырмақ. 

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Биылғы 62 жобаның 40-тан астамы тек қана қоқысты өңдеуге бағытталған. Өкінішке орай өткен жылғы статистика бойынша елімізде қоқыстың небәрі 25,8 пайызы ғана өңделген. Қоқысты өңдеу үшін алдымен оны тұрғын үйлердің жанындағы кешендерде жинау қажет. Ол үшін арнайы контейнерлер мен техника қажет. Осы мақсатта 7 жоба іске асырылуда, олардың қаржыландыруы басталып кетті.

Үкімет тазалық сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға баса көңіл бөлмек. Бұл ретте жауапты министрліктерге артылатын міндет аз болмайды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Экология және ішкі істер министрліктері қоршаған ортаны ластаған адамдарды жауапкершілікке тартуға тиіс. Оларға қатысты қатаң шаралар қолдана отырып, кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Президент бастамасын қоғамда кеңінен насихаттау үшін министрліктер жүйелі жұмыстарды қолға алған. Бұл іске тек жоғарғы оқу орындарынан 240 мыңнан аса адам қатысқан. Тұжырымдама шеңберінде жоғары білім беру саласында 11 іс-шараны іске асыру көзделген. Ал акцияның мән-маңызы балабақша, мектеп, спорт кешендерінде де айтылып, өскелең ұрпақ бойына тазалық мәдениетін қалыптастыру ісі қарқын алмақ. Биылға арналған жоспар да бар.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарына биыл 35 мыңнан астам жас тартылып отыр. Келер жылдан бастап бұл жасақтар аграрлық-техникалық, құрылыс және педагогикалық бағыттармен толығады.   

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында 380-ден астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ жаңа буындағы эколог мамандарын даярлау, экологиялық және аграрлық туризмді дамыту іске аспақ.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Президентіміздің идеясы «Таза Қазақстан» бастамасыз табиғатты қорғау үшін ғана емес, сонымен қатар ойдың да, бойдың да тазалығын сақтап, адамның ішкі мәдениетін тәрбиелеу арқылы оны дұрыс өмір салтына айналдыру болып табылады. Руханияттың дамуына ерекше көңіл бөлу керек. Айналаңдағы адамдарға, дәстүрлі құндылықтарға құрметпен қарау, қоғамдық жауапкершлікті дамыту және еңбекқорлық Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын іске асырудың маңызды бағыттары болуға тиіс.

Экологиялық акцияға биыл еріктілермен бірге еңбек ұжымдарының өкілдері де қатысып, өз үлестерін қоспақ.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айдос Меделбеков