Атырау облысында мұнай қалдықтары мал өрісін ластап жатыр

  • 105
  • 04.07.2025, 18:33

Атырау облысы Мақат ауданында мұнай шламдарын жинап, жоюды міндетіне алған мекемеге экология департаменті 37 млрд теңге айыппұл салды. Алайда жауапты компания қаражатты әлі төлемей отыр.

Мақат пен Доссор кентінің ортасына жиналған қарамай қалдықтары көлге айналып, мал өрісін ластап жатыр. Тұрғындар мұнай қалдығы енді іргедегі Сағыз өзеніне құйылса, күніміз не болады деп алаңдаулы. Бұл жағдайдан жергілікті билік хабардар. Себебі бұл аумақ Мақат аудандық әкімдігіне қарайды. Келісім бойынша жалға берілген 2 гектар учаскенің иесі өңірдегі мұнай өндіруші және өңдеуші компанияларынан шығатын мұнай шламдарын жинап-жоятын қондырғы орнатып, резервуарлары үнемі бақылауда ұстауға тиіс болған. «Бірақ 13 жылда 4 рет қожайыны ауысқан мекемелер ешқандай іс тындырған жоқ»,- дейді билік өкілдері. 

Бекәділ Жайкин, Мақат ауданы әкімінің орынбасары:

- Бұл жер аудан әкімінің қаулысымен «Орал» компаниясына берілген. «Интернет Орал» деген ЖШС-нің мақсаты – технологиялық қалдықтарды жинау, сұрыптау және технологиялық құрылыстарды кеңейту болатын. Одан кейін оралдық компания бұл жерді 2021 жылы «ОКСИ генератор» ЖШС-не сатқан. Қазір көріп тұрсыздар, әлі ештеңе салынған жоқ.

Темірлан Болатұлы, облыстық экология департаментінің мемлекеттік инспекторы:

Лимиттері жоқ болғандықтан, біз прокуратурамен талап тексерісін жүргіздік. Сол тексерістің нәтижесі бойынша «ОКСИ-генератор» ЖШС-не 37 млрд теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Бұл шешім соттың қаулысымен қабылданды. Қазір көріп тұрғандарыңыздай, ешқандай жұмыс жасалмаған, тек формальды түрде жинақтап қойған.