Қоғамдық демалыс орнында бас қосқан белсенді жастар қоқыс жинаудан жарысты. Салауатты өмір салты мен экомәдениетті насихаттаған байқау «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды.
Қолына қап ұстап жүгіріп жүрген жастардың әрекетін тосыннан кезіккен жан түсінбесі анық. Бірақ бұл экобелсенділер арасында дәстүрлі түрде өтетін «Жасыл кросс» жарысы. 33 топқа бөлінген 300-ге жуық адам Кірпішті ауылы маңын қоқыстан тазартуға кіріскен.
Әлішер Інжіл, «Жасыл ел» жасағының сарбазы:
- Мен өзім өте аз уақыт ішінде екі қап жинадым. Себебі мына жақта қоқыс өте көп. Бір көріп, өзім де таңғалып жатырмын. Мұндай көп болады деп ойламадым. Өзіміз де қаншалықты өзіміздің ластайтынымызды және жинап жүру керек екенін түсініп жатырмыз.
Бұл сайысқа негізінен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары шыққан. Сонымен қатар орман шаруашылығы, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйым өкілдері де қатысты. 45 минут ішінде ең көп қоқыс жиған команда жеңімпаз атанады.
Нұржан Шаңғытбаев, облыстық «Жасыл ел» штабының төрағасы:
- 2024 жылы Ақтөбе су қоймасының жанын қоқыстан тазартқанбыз, енді қай жерде қоқыс көп бір жағынан спорттық шара ұйымдастырып, бір жағынан тазалап кету – біздің мақсатымыз.
Студент жастардан құралған «Көкжал» командасы эко-плоггинг жеңімпазы атанды. Олар 53 қап қоқыс терген. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жарыс нәтижесінде 454 қап тұрмыстық қалдық полигонға жөнелтілді.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Ел ішінде «Махаббат тауы» деп аталып кеткен бұл қырат ақтөбеліктер мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Себебі дәл осы тұстан шаһар алақандағыдай көрінеді. Демалушылар жиі келгендіктен мұнда қоқыс үйіліп жататын. Бүгінгі жастардың экологиялық сайысынан кейін айнала түгел мұнтаздай таза болды.
М. Есқожин, Б. Молдағалиев